Тоқаевтың тұсында Ассамблея жаңаша сипат алды - профессор

Көркем Алдабергенова 25 сәу. 2025 09:53 437

Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) қызметі соңғы жылдары айтарлықтай жаңарды. Бұл туралы тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Мендығаным Жамалбекқызы Шаймерденова мәлімдеді. Dalanews.kz тілшісі профессормен тілдесіп, ассамблеяның жұмысы мен қоғамдағы рөлі туралы әңгіме өрбітті. 

Мендығаным Жамалбекқызының айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея қызметін жетілдіруге ерекше назар аударып келеді.

– Мемлекет басшысы Ассамблеяның инклюзивті болуына және барлық этнос өкілдерінің мемлекеттік үдерістерге кеңінен қатысуына жағдай жасауға басымдық беріп отыр, – дейді сарапшы. Оның айтуынша, бұл бағыт бірлікті бекемдеп, ұлтаралық үйлесімді нығайтуға қызмет етеді.

ҚХА – билік пен қоғам арасындағы алтын көпір

Ассамблеяның басты міндеттерінің бірі – қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайту. Бұл туралы да Шаймерденова ашық айтты:

"ҚХА – ел ішіндегі үйлесім мен келісімді сақтауға бағытталған саясатты жүзеге асырудағы маңызды құрал", – дейді профессор.

Профессордың пікірінше, құрмет пен өзара түсіністікке негізделген қоғамдық қатынастар қалыптастыру – Ассамблея жұмысының өзегі.

"Бұл ретте Ұлттық құрылтайдың жұмысын ерекше атап өтуге болады. Онда болашаққа бағытталған маңызды мәселелер көтерілді. Ассамблея осындай маңызды талқылауларға дәнекер болып отыр", – деді ол.

Тілдік әртүрлілік – басты құндылықтардың бірі

Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі тілдік алуандықты қолдауды жалғастырып келеді.

"Бұл бүгінгі кезең үшін аса маңызды, – дейді профессор Шаймерденова. Оның айтуынша, этносаралық келісім – тек саяси не мәдени негізде емес, тілдік үйлесім арқылы да қалыптасады. Ассамблея мүшелері мен этномәдени бірлестіктер ұйымдастыратын конференциялар, конгрестер мен мәдени шаралар – осы бағыттағы нақты қадамдар.

Сонымен қатар, қазақ тілін мемлекеттік және біріктіруші фактор ретінде дамытуға да көңіл бөлінуде. Бірақ бұл басқа этностардың тілдері назардан тыс қалады деген сөз емес. Барлық ұлт өкілдерінің тіліне құрмет сақталған", – деп түсіндірді сарапшы.

Қақтығыстарды шешудегі Ассамблеяның рөлі

Ассамблея тек мәдени, білім беру бағытында ғана емес, этносаралық шиеленістердің алдын алуға да үлес қосып келеді.

"ҚХА этностық негіздегі даулардың алдын алуда делдал рөлін атқарып, тараптар арасындағы диалогты ұйымдастырады. Бұл жұмыс білім беру бастамалары, дөңгелек үстелдер, мәдени жобалар арқылы жүзеге асады", – деді Шаймерденова.

Оның айтуынша, бұл мәселелер тіпті халықаралық деңгейдегі конференцияларда да көтеріледі. Бұл ҚХА-ның бейбітшілікті сақтаудағы маңызын дәлелдейді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел ішіндегі татулық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды институт. Оның қазіргі қызметі жаңаша серпін алып, мемлекет пен қоғам арасындағы үйлесімді байланыстың негізіне айналып отыр.

Еске салайық, күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның басты міндеттерін атаған болатын. 

Біріншіден, Ассамблея аймақтардағы жұмысты жандандыруы керек.

Екіншіден, ақпараттық кеңістікте бірлік мен келісім идеяларын кеңінен дәріптеу маңызды.

Үшіншіден, «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын жүзеге асыру үшін мәдениет пен өнердің әлеуетін толық пайдаланған дұрыс.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар