Көкшетауда жағажай салуға бөлінген 170 млн теңгеден астам қаржы ұрланды: бірнеше лауазымды тұлға қамауға алынды

Қаракөз Амантай 24 сәу. 2025 15:38 221

Көкшетау қаласындағы "Набережная" жағажайын салуға бөлінген қомақты қаражатты жымқырды деген күдікпен бірқатар лауазымды тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл туралы Ақмола облысының арнайы прокурорлары хабарлады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Атап айтқанда, 2021 жылы Көкшетаудағы ескі әуежайдан Қан орталығына дейін созылатын жағажай құрылысын жүргізу үшін бөлінген 170 млн теңгеден астам қаражаттың мақсатсыз жұмсалғаны белгілі болды. Тергеу барысында қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы, техникалық қадағалау жүргізген "М-Строй Проект" ЖШС және мердігер "ПавлодарЭнергоМонтаж" ЖШС басшыларының бұл іске қатысы бары анықталды.

Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі ("Аса ірі көлемде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу") бойынша қаралып жатыр. Бұл бап бойынша кінәлі деп танылған жағдайда мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Тергеу барысында заңсыз жолмен алынған мүлік те табылды: атап айтқанда, Астана қаласынан 95 млн теңгеге бағаланған коммерциялық жылжымайтын мүлік анықталған. Прокурорлардың мәліметінше, жобаның кейбір жұмыстары Атбасар қаласындағы өзге нысаннан жымқырылған қаржы есебінен орындалған.

Сонымен қатар, бір күдіктіге қатысты ҚР ҚК 218-бабы 3-бөлігі ("Қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлікті заңдастыру") бойынша да іс қозғалды. Бұл бап бойынша да 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу қарастырылған.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс аяқталуға жақын. Соңғы шешімді сот шығаратын болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар