Министр Тоқаевтың туысы - Теміртай Ізбастиннің Болгариядағы елші қызметін атқаруы Конституцияға қаншалықты сәйкес келетінін түсіндірді. Айта кетелік, Ізбастин Тоқаевтың күйеубаласы, Мемлекет басшысының қарындасын алып отыр.
"Ата заңға өзгеріс енгеннен кейін, әлбетте, барлығы заңға сәйкестендіріледі. Ол бұл қызметті заң бойынша атқара алмайтындықтан қызметінен босайды", – деді Әділет министрі.
Министр Конституцияда Президенттің жақын туыстарының саяси қызмет атқаруына тыйым салынатынын тағы бір мәрте еске салды. Бұл сонымен қатар квазимемлекеттік секторға да таралады.
"Конституцияға тиісті өзгеріс енгізгеннен кейін президенттің аға-бауыр, әпке-қарындастары, ұл-қыздары мен немере-шөберелері "Самұрық Қазына", "Бәйтерек" секілді ұлттық компанияларға басшылық ете алмайды, оларға мұндай лауазымға отыруға заң жүзінде тыйым салынады", – деп атап өтті Мусин.
Оның айтуынша, тамыз айына дейін тиісті заң жобалары дайындалады. Ал жылдың соңына дейін қабылданады деген жоспар бар.
Бұған дейін Парламенттің бірлескен отырысында сөз сөйлеген Тоқаев:
"Президенттің жақын туыстары үшін мемлекеттік саяси қызметшілер мен квазимемлекеттік сектордағы басшылар лауазымдарына орналасуға заңнамалық тыйым салынатынын",
– мәлімдеген.
Ол аталған норманы Конституцияда бекітуді ұсынып, Мемлекет басшысы барлық азаматтар үшін мүмкіндіктер теңдігінің мызғымас кепілі болуға тиіс екенін атап өткен еді.