Тоқаевтың Қырғызстанға сапары барысында тәртіпті 3,5 мың милиция қызметкері қамтамасыз етеді

Қаракөз Амантай 21 там. 2025 12:39

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға мемлекеттік сапары кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау үшін шамамен 3,5 мың милиция қызметкері жұмылдырылады. Бұл туралы Қырғыз Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Мемлекеттік деңгейдегі іс-шараға байланысты қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шамамен 3500 милиция қызметкері тартылады. Ресми іс-шаралар өтетін күндері ішкі істер органдарының қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді. Көлік қозғалысы делегация кортежі жүрген сәтте ғана уақытша шектеледі: Бішкекте "Манас" әуежайынан мемлекеттік резиденцияға дейінгі бағытта, әрі қарай Дооронбек Садырбаев көшесі арқылы "Ата-Бейіт" мемориалдық кешеніне дейін, сондай-ақ Тоголок Молдо көшесінде", – делінген бейсенбі күнгі хабарламада.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға мемлекеттік сапары 21–22 тамызда өтеді.

Бішкекте мемлекеттер басшылары қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарын одан әрі нығайту мақсатында келіссөз жүргізеді.

Сондай-ақ президенттер Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің отырысына қатысады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар