Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Қазақстанның толық цифрлық мемлекетке көшуін жеделдетуді және цифрлық инфрақұрылымды қарқынды дамытуды тапсырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан цифрлық трансформация саласында Орталық Азиядағы көшбасшыға айналғанын атап өтті.
«Еліміз әлемде алғашқылардың бірі болып маңызы зор революциялық Цифрлық кодексті және «Жасанды интеллект туралы» заңды қабылдады. Бұл толық цифрлық мемлекетке жүйелі көшу үшін заманауи инфрақұрылымдық негіз қалыптастыруға мүмкіндік берді. Қазірдің өзінде нақты нәтижелерді көріп отырмыз. Үкіметтердің жасанды интеллектке дайындық индексінде Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұр. Бірақ бұл ұзақ жолдың басы ғана», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Парламенттің сегізінші шақырылымы жасанды интеллектті құқықтық тұрғыдан реттеуге алғаш болып жол ашты. Сонымен қатар жаңа Конституцияда азаматтардың киберкеңістіктегі жеке деректерін қорғау құқығы бекітілген.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект экономиканың барлық негізгі салаларына және мемлекеттік басқару жүйесіне енгізілуі тиіс екенін айтты.
«Біздің цифрлық банктер мен финтех-компаниялар азаматтар мен бизнес үшін қаржы, сауда және мемлекеттік қызметтерді біріктіретін қолайлы экожүйелер қалыптастырды. Соның нәтижесінде соңғы бес жылда электронды сауда нарығы сегіз есеге жуық өсіп, 3,7 триллион теңгеге жетті. Бұл бөлшек сауда көлемінің шамамен 15 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш азаматтардың цифрлық ортаға деген жоғары сенімін және тұтынушылық мінез-құлықтың өзгергенін көрсетеді. Осы қарқынды бәсеңдетпеу үшін мемлекет инфрақұрылымды озық қарқынмен дамытуы қажет», – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – қуатты суперкомпьютерлерді іске қосу. Олар жасанды интеллектті мемлекеттік басқару, экономика және ұлттық қауіпсіздік салаларында қолдануға мүмкіндік береді.
Президент «Деректер орталықтарының алқабы» (Data Center Valley) мегажобасының маңызын да ерекше атап өтті.
«Алайда жасанды интеллектке орасан зор энергия көлемі мен есептеу қуаты қажет. Сондықтан жетекші әлемдік BigTech корпорацияларын тартуға арналған «Деректер орталықтарының алқабы» мегажобасын іске қосу ерекше маңызды. Бұл міндет Үкіметтің тұрақты назарында болуы тиіс. Оның орындалуын жеке бақылауда ұстаймын. Біз қазірдің өзінде Жаңа Жібек жолының жоғары технологиялық хабы ретінде еліміздің цифрлық егемендігін қалыптастырып жатырмыз. Бірақ ең қуатты суперкомпьютерлер мен заманауи деректер орталықтары білікті мамандарсыз пайдасыз. Сондықтан болашақтың сәулетшілері мен әзірлеушілерін мектеп қабырғасынан бастап даярлап жатырмыз. Alem.ai халықаралық орталығының базасында жаңа буынның екі инновациялық мектебі ашылды. Ал жаңа оқу жылында Орталық Азиядағы алғашқы мамандандырылған жасанды интеллект университеті өз жұмысын бастайды», – деді Мемлекет басшысы.
Президент мемлекеттік басқару жүйесінің де толық цифрлық форматқа көшетінін айтып, ондаған мың мемлекеттік қызметкердің арнайы оқыту бағдарламаларынан өтіп жатқанын жеткізді.
«Біз мемлекеттік басқарудың логикасы мен философиясын түбегейлі өзгертуіміз керек. Дәстүрлі бюрократиялық жүйеден жоғары тиімді «Мемлекет – платформа» (GovTech) моделіне батыл көшуіміз қажет. Біздің түпкі мақсатымыз – жаһандық технологиялық кеңістікте өз орнын алған, ұлттық мүддені тиімді қорғайтын әрі азаматтарға мінсіз қызмет көрсететін заманауи цифрлық мемлекет құру», – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.