Президенттің сынынан кейін Көлік министрлігінде ішкі тексеріс жүргізіледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Көлік министрлігі 2025 жылғы 20 мамырдан бастап Цифрландыру және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер департаменттерінің қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу басталатынын жариялады.
Айта кетейік, жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің көлік-логистика саласын дамыту мәселелері жөніндегі отырысы өтті. Көлік министрі Марат Қарабаевтың және бірқатар орталық мемлекеттік органдар басшыларының баяндамалары тыңдалды.
Мемлекет басшысы көлік саласындағы ахуалды сынға алды. Қордаланған проблемалар мен белгіленген межелердің орындалмауы жаңғырту жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіріп отырғанын айтты.
Жиын соңында Президент министр Марат Қарабаевқа жұмыс барысында жіберген кемшіліктері үшін сөгіс жариялады.
Мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы проблемаларды шешуге қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырды.