– Рим Папасы Франциск Қазақстанға алғаш рет апостолдық сапармен келді. Биыл Қазақстан мен Ватикан арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толды. Сіздің сапарыңыз осы мерейлі межеге тұспа-тұс келіп отыр. Біз бұл сапарға айрықша мән береміз. Себебі бүгінгі кездесу біздің түрлі саладағы ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтереді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев адамзаттың игілігі жолындағы Понтификтің қажырлы және табанды күш-жігерін қолдады.
– Сіз Қазақстанға адамзат тарихындағы бетбұрыс кезеңінде келдіңіз. Түрлі мәдениеттер мен діндер өкілдерінің бейбітшілік, әлеуметтік үйлесімділік және өзара қолдау көрсету жолында адамдарды біріктіру үшін даналық пен күш-қуат көрсететін уақыты жетті деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізу Қазақстанның әлемдегі келісім мен диалогты қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерінің бір көрінісі екеніне назар аударды.
– Съезд алғаш рет 2003 жылы шақырылған уақыттан бері адамдардың әралуандығына қарамастан оларды жақындастырудың жақсы үлгісіне айналды. Тек диалог, адамдардың бауырмалдығы мен сыйластығы ғана бірге бейбіт өмір сүруге және толеранттыққа жол ашатынына кәміл сенемін. Осы ретте мен Қасиетті Тақтың Съезд жұмысына өлшеусіз үлес қосып, кең қолдау көрсеткенін жоғары бағалаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент сөзін қорытындылай келе, Съезге католик шіркеуі басшысының қатысуы шараның табысты өтуіне ықпал етіп, бүкіл әлемдегі католиктердің жүрегіне қуаныш пен шаттық ұялататынына сенім білдірді.
Бұдан кейін Рим Папасы Франциск жиынға қатысушылар алдында сөз сөйледі. Ол ежелгі қазақ жеріне жасаған апостолдық сапарына көңілі толатынын жеткізді. Понтификтің айтуынша, ол мұнда диалог пен бірлік іздеу мақсатымен бейбітшіліктің елшісі ретінде келген.
– Сіздерде «береке басы – бірлікте» деген мәтел бар. Бұл барлық жерде, әсіресе осы жерде маңызды ұғым екені сөзсіз. Елде 150-ге жуық этникалық топ пен сексеннен астам тіл бар. Әртүрлі тарихы, мәдени және діни дәстүрлері бар бұл халықтар бірлесе, адам айтса нанғысыз ынтымақтастық орнатқан. Сондай-ақ, Қазақстанды көпұлтты, мультимәдениетті, көпконфессиялы бірегей мекенге айналдырды және бұл мемлекеттің Кездесулер елі деген ерекше атына сай келеді, – деді Понтифик.
Понтифик қарусыздану, ядролық қаруды таратпау, экономиканы көміртегінен арылту және энергияның баламалы көздеріне инвестиция құю жөніндегі Қазақстанның күш-жігерін жоғары бағалады.
– Дінаралық диалог орнату ісімен қатар мұның бәрі адамзаттың ортақ болашағы үшін егілген үміт дәні. Қасиетті Тақ осы жолда сіздерді қолдайды, – деді Рим Папасы.
Католик шіркеуінің басшысы сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаевқа көрсеткен қонақжайлығы үшін ризашылығын білдіріп, елімізге бейбітшілік пен бірлік тіледі.
Жиын соңында Қазақстан Президенті Понтификке жылы лебізі мен елімізге деген құрметі, сондай-ақ мазмұнды сөзі үшін алғыс айтты.