Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған “Әділетті Қазақстан” тұжырымдамасы кейінгі жылдары елдің саяси күн тәртібіндегі негізгі идеологиялық бағыттардың біріне айналды. Саясаттанушы Асылбек Ізбайыровтың пікірінше, бұл бастаманың қоғамға орнығуы мен саяси реформалардың жүзеге асуында Мемлекет басшысының жеке саяси ұстанымы мен басқару стилі маңызды рөл атқарып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сарапшының пікірінше, әділет ұғымы қазақ қоғамының дүниетанымы мен рухани болмысында ежелден бар құндылықтардың бірі.
“Әділет – адамзатқа ортақ әмбебап құндылық. Исламдағы “әділ” ұғымы секілді, ол дүниетанымның іргелі онтологиялық негіздерінің бірі саналады. Исламмен бірге әділет түсінігі қазақтың әдебіне, яғни ұлттық моральдық-этикалық құндылықтар жүйесіне терең сіңген. Сондықтан аталған ұғым қоғамның зайырлы бөлігіне де, діни бөлігіне де бірдей жақын әрі түсінікті. Меніңше, дәл осы себептен “Әділетті Қазақстан” мемлекеттік идеологияның өзегіне айналды”, – дейді Асылбек Ізбайыров.
Оның айтуынша, әділет ұғымы тек құқықтық тәртіппен шектелмейді. Ол қоғамдағы ішкі рухани тазалықпен де сабақтас.
“Әділет – бір жағынан тепе-теңдік іздеу болса, екінші жағынан адам мен қоғамның табиғи ішкі сұранысы. “Әділет” сөзінің түбірі “адал” ұғымымен сабақтас. Бұл байланыс мұсылмандық дәстүрде де, қазақтың танымдық-филологиялық жүйесінде де көрініс табады. Осы үндестікті аша отырып, біз оларды сыртқы форма мен ішкі мазмұнның арақатынасы ретінде сипаттай аламыз. Әділет – заң мен тәртіптің көрінісі болса, адалдық – ішкі рухани тазалықтың өлшемі. Осыдан келіп “Адал азамат” идеологемасы туындайды. Мұндағы басты саяси месседж – Қазақстан әр адам өзін әділ қорғалған сезінетін мемлекетке айналуы тиіс”, – деді саясаттанушы.
Сарапшы “Әділетті Қазақстан”тұжырымдамасының Мемлекет басшысы үшін де ерекше саяси маңызы бар екенін айтты.
“Әділетті Қазақстан” ұғымын алғаш Президенттің өзі жариялады. Бұл Тоқаев үшін маңызды саяси месседж әрі болашақтағы саяси мұрасының бір бөлігі деп ойлаймын. Алайда бұл тұжырым бүкіл мемлекеттік жүйенің жұмысына қатысты болғандықтан, Президент барлық деңгейдегі процестерге тікелей араласа алмайды. Оның негізгі міндеті – стратегиялық бағыттарды айқындау. Ал оны жүзеге асыру мемлекеттік аппарат пен қоғамның ортақ жауапкершілігіне байланысты. Егер мемлекет пен қоғам әділет қағидатына бірдей ұмтылса, уақыт өте келе оның нәтижесін бәріміз сезінеміз”, – деді ол.
Саясаттанушы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басқару стиліне де тоқталып, оны дипломат әрі интеллигент саясаткер ретінде сипаттады.
“Мемлекет басшысы ең алдымен – дипломат әрі интеллигент тұлға. Оның тұсында саясатта интеллектуалды тереңдік пен мазмұн арта түсті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың зиялылығы мемлекеттік аппараттағы қарым-қатынас мәдениетіне де ықпал етіп, шенеуніктер арасында сыйластық пен парасаттылықтың белгілі бір шекарасын қалыптастырды. Бұл – маңызды оң өзгеріс”, – деді Асылбек Ізбайыров.
Сонымен қатар ол қазіргі геосаяси жағдайда кәсіби дипломаттың ел басқаруы Қазақстан үшін маңызды артықшылық екенін атап өтті.
“Елдің халықаралық аренадағы мүддесін қорғауға ерекше басымдық беріліп отыр. Қазіргі әлемдік тәртіп күш факторы алдыңғы орынға шыққан күрделі трансформация кезеңінен өтіп жатқанын ескерсек, Қазақстан үшін кәсіби дипломаттың мемлекет басқаруы үлкен артықшылық деп ойлаймын. Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесі еліміздің мемлекеттілік “кемесін” түрлі геосаяси қатерлер мен тәуекелдерден аман алып өтуге мүмкіндік береді”, – деді сарапшы.
Оның пікірінше, Президент ішкі саясатта да қоғам сұранысына барынша сезімтал жүйе қалыптастыруға тырысып отыр.
“Бұл, ең алдымен, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасының қайталануына жол бермеу мақсатымен байланысты. Сонымен бірге Тоқаев кезеңінде ұлттық бірегейлікті қалыптастыру мен елдегі біртұтас саяси ұлт құру мәселесіне де нақты қадамдар жасала бастағаны қуантады”, – деді ол.
Сарапшы Президенттің қоғаммен байланысы мен саяси риторикасына да баға берді.
“Президент аппараты қоғамды алаңдатқан мәселелерге өте сергек қарайды. Сондықтан азаматтар әлеуметтік желілерде Мемлекет басшысының аккаунтын жиі белгілейді. Президент қоғам сұранысына жиі үн қатып, өз сөздерінде халық көтерген мәселелерге назар аударады”, – деді Асылбек Ізбайыров.
Ол жаңа Конституция жобасын әзірлеу кезінде халықтың кеңінен тартылуын осы саясаттың айқын көрінісі ретінде бағалады.
“Мұндай жұмыстың жарқын мысалы – кейін референдумда қабылданған жаңа Конституция жобасын әзірлеуге мыңдаған қазақстандықтың қатысуы. Сонымен қатар Тоқаев тек қоғамда болып жатқан оқиғаларға реакция білдіріп қана қоймайды. Ол қоғамдық пікір мен саяси дискурсты белгілі бір бағытқа жетелейтін жаңа мағыналар мен ұғымдарды өзі қалыптастырады. “Әділетті Қазақстан” түсінігінің саяси айналымға енуі – соның айқын дәлелі”, – деді сарапшы.
Саясаттанушының сөзінше, Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде “Әділетті Қазақстан” идеясын қоғамға жеткізе алған саяси тұлғаға айналды.
“Әрине, бұл – әзірге идея деңгейіндегі тұжырымдама. Оның мәні мемлекеттік жүйені қарапайым азаматтардың мүддесін қорғауға бағыттап трансформациялауда жатыр. Мұндай өзгерістер сиқырлы таяқшаның бір сілтеуімен жүзеге аспайды. Оған уақыт, жаңа буын, қоғамдық келісім және осы саясатқа деген қолдау қажет. Егер осы факторлардың барлығы бір арнаға тоғысса, онда “Әділетті Қазақстан” ел дамуының шынайы әрі өміршең моделіне айналуы әбден мүмкін”, – деді Асылбек Ізбайыров.