Президенттің көмекшісі әрі баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ басшысы Дональд Трамп не туралы сөйлескенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бірқатар БАҚ өкілдері Давоста өткен Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қою рәсімінде Мемлекет басшысы мен Америка Президенті арасындағы қысқаша әңгіменің мазмұнына қатысты сауал жолдаған.
"Қасым-Жомарт Тоқаев Давос форумында таратылған "Президент Дональд Трамптың 365 күн ішіндегі 365 жеңісі" деп аталатын ресми құжаттың 177-тармағында Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылғаны жетістік ретінде көрсетілгеніне назар аударды. Бұдан бөлек, Президент Америка көшбасшысына ақыл-парасатқа негізделген ішкі саясатты жүзеге асыруда табыс тіледі", - дейді Руслан Желдібай.
Оның сөзінше, Дональд Трамп Бейбітшілік кеңесін құру туралы бастамасына қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтқан.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қойғанын хабарлаған едік.
Қол қою рәсіміне Қазақстан Президентінен басқа 18 елдің басшылары мен өкілдері қатысты.
