Тоқаев педагогтерді аттестациядан өткізу талаптарын жеңілдетуді тапсырды

Тоқаев педагогтерді аттестациядан өткізу талаптарын жеңілдетуді тапсырды
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтерді аттестациядан өткізу талаптарын оңтайландырып, жүйені жетілдіру жөнінде тапсырма берді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мемлекет басшысы бұл туралы Астанада өтіп жатқан республикалық тамыз конференциясында айтты.

Президент білім саласындағы кез келген реформаны енгізер алдында оның тиімділігін жан-жақты саралау қажет екенін атап өтті.

«Реформа – бұл бастапқы сынақ, эксперимент емес. Бұл – жауапты шешім мен іс-шара. Үкімет педагогикалық жоғары оқу орындарының қызметін қайта қарау кезінде бұл мәселені міндетті түрде ескеруге тиіс», – деді Тоқаев.

Оның сөзінше, ұстаздарды мектеп пен балабақшадағы жұмыстың кәсіби ерекшеліктеріне бейімдейтін бірыңғай жүйе құру туралы ұсыныс бар. Президент бұл бастаманы жан-жақты қарап, қажет болған жағдайда жүзеге асыруды ұсынды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерге кәсіби қолдау көрсетуге арналған «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының жұмысын сынға алды.

«Өздеріңізге мәлім, мұғалімдерге кәсіби қолдау көрсету үшін «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы құрылды. Бірақ бүгінде бұл ұйымның жұмысы мардымсыз деуге болады», – деді президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, педагогтерден аттестация ережелерін қайта қарауға қатысты көптеген өтініш түскен. Мұғалімдер артық жүктеме мен қағазбастылықтың көптігіне шағымданған.

Осыған байланысты президент аттестациядан өткізу талаптарын жетілдіру жөнінде нақты тапсырма бергенін мәлімдеді.

«Бұл жерде бағалаудан мүлде бас тарту немесе оны күрделендіру туралы сөз болып отырған жоқ. Білімді әділ бағалау – білім беру жүйесінің өзегі. Бізге мейлінше түсінікті әрі ашық жүйе керек», – деді Тоқаев.

Тиісті министрлік бұл мәселе бойынша ұсыныстар әзірлеуі тиіс.

Сондай-ақ президент педагогтердің біліктілігін арттыру бағдарламаларына жаңа Конституция құндылықтарын, «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» идеяларын енгізу қажет екенін атап өтті.