Тоқаев мұнай тасымалының балама бағыттарына қатысты сауалға жауап берді - шетелдік БАҚ

Кәмшат Тілеухан 30 мам. 2025 09:44

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Al Jazeera телеарнасына берген эксклюзив сұқбатында мұнай тасымалдаудың балама бағыттарына қатысты сауалға жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz Kazinform-ға сілтеме жасай отырып.  

Al Jazeera: Өткен жылы S&P Global агенттігі Қазақстан мұнайының шамамен 80 пайызы КҚК желісі арқылы Ресейге кетіп жатқанын айтқан еді. Мұны өзгерту қажет деп санамайсыз ба? Қазақстан үшін бұл стратегиялық әлсіздік болып есептелмей ме?

– Ресей Қазақстанның стратегиялық серіктесі, тікелей көршіміз әрі одақтасымыз екенін еш естен шығармау қажет. Ресеймен екі араны әлемдегі ең ұзын шекара бөліп жатыр. Біз Ресейге стратегиялық серіктесіміз ретінде арқа сүйейміз, әсіресе КҚК желісіне сенім артамыз. Таяуда ғана президент Путинмен телефон арқылы сөйлестім және біз КҚК желісіне қатысты мәселелерді талқыладық. Қазақстан мұнайын Ресей арқылы Еуропа нарығына және одан ары тасымалдауда КҚК тиімді құрал ретінде тұрақты түрде қызмет ете береді деп санаймын. 

Al Jazeera: Сонда Сізді Украинадағы соғыстың ықпалы және Қазақстан мұнайын аталған құбыр арқылы Еуропаға жеткізу мүмкіндігі қаншалықты маңызды екені алаңдатпай ма?

– Әрине, біз Украинадағы ахуалды, Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыс біздің табиғи ресурстар мен оларды халықаралық нарыққа экспорттауға қатысты стратегиялық жоспарларымызға ықпал ететінін есепке аламыз. Дегенмен Ресей еліміздің стратегиялық серіктесі екеніне де нық сенімдіміз. Бірақ бұл біздің тек бір ғана көлік бағдарымен немесе бағытпен шектеледі дегенді білдірмейді. Сондықтан Баку-Жейхан, Орта дәліз құбыр желісі сынды өзге бағыттар жайын өте дұрыс меңзеп отырсыз. Ал шетелге тасымалданатын немесе экспортталатын мұнай көлемі тұрғысынан алғанда, қалай десек те, басымдық КҚК-ға беріледі және ол солай болуға тиіс. 

Айта кетсек, дүйсенбіден Олжас Бектенов КҚК басшысымен қазақ мұнайы тасымалы мәселесін талқылаған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар