Жаһандық қақтығыстар тереңдеп, халықаралық институттардың тиімділігіне қатысты күмән күшейген қазіргі кезеңде бейбітшілік пен диалогқа негізделген жаңа форматтарға сұраныс артып отыр. Осындай жағдайда Қазақстанның Газа бойынша Бейбітшілік кеңесі ретінде ұсынылып отырған жаңа халықаралық бастамаға қатысуы елдің сыртқы саяси бағыты мен халықаралық рөлін қайта пайымдауға негіз береді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көпжылдық дипломатиялық тәжірибесіне сүйенген прагматикалық және көпвекторлы саясаты Қазақстанды тек бейтарап бақылаушы емес, жаһандық бейбітшілік күн тәртібіне нақты үлес қоса алатын жауапты мемлекет ретінде танытып келеді. Бұл бастама - еліміздің гуманитарлық өлшемі басым сыртқы саяси ұстанымын институционалдық деңгейде бекітуге жасалған маңызды қадам.
Саясаткер Жанерке Қайратқызының пікірінше, Қазақстанның аталған форматқа құрылтайшы мемлекет ретінде қатысуы елдің халықаралық беделін арттырып қана қоймай, оны «орта деңгейлі державалар» қатарындағы ықпалды әрі болжамды әріптес ретінде бекіте түседі.
— Қазақстанның Газа бойынша Бейбітшілік кеңесі ретінде ұсынылып отырған жаңа халықаралық форматқа қатысуының маңызын қалай бағалайсыз? Бұл қадамды елдің сыртқы саяси мәртебесінің жоғарылауы деп қарастыруға бола ма?
— Қазақстанның Газа бойынша жаңа халықаралық форматқа қатысуы елдің сыртқы саясаттағы көпвекторлы бағытын, сондай-ақ бейбітшілікке, диалог пен дипломатиялық шешімдерге негізделген ұстанымын күшейтетін қадам. Бұл бастаманы белгілі бір деңгейде Қазақстанның халықаралық беделінің артуы ретінде бағалауға болады, себебі ол елімізді гуманитарлық өлшемі басым жаһандық бейбітшілік күн тәртібіндегі талқылаулардың белсенді қатысушысы ретінде айқындайды.Сонымен қатар ұсынылып отырған форматтың институционалдық негіздері әлі толық қалыптасқан жоқ: оған қай мемлекеттердің қосылатыны, қай елдердің бейтарап ұстаным сақтайтыны әзірге нақты емес. Осыған байланысты аталған Кеңестің халықаралық жүйедегі орны мен нақты ықпалы бастаманың практикалық нәтижелеріне және оның жұмыс тетіктерінің қалай қалыптасатынына тікелей байланысты болады деп пайымдауға болады.
— Сіздің ойыңызша, Қазақстан үшін мұндай бірлестіктің жай ғана қатысушысы емес, негізін қалаушы мемлекет болуының практикалық маңызы неде?
— Кеңестің халықаралық жүйедегі нақты мәртебесі мен беделі уақыт өте қалыптасатыны анық. Дегенмен бұл бастаманың өзі Қазақстан үшін бейбітшілік пен диалогқа негізделген сыртқы саяси ұстанымын халықаралық деңгейде нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды саяси қадам болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның бұл форматқа тек қатысушы ретінде емес, құрылтайшы мемлекет мәртебесінде қатысуы бірқатар практикалық артықшылықтар береді. Ең алдымен, бұл Кеңестің күн тәртібін қалыптастыруға, оның мақсаттары мен негізгі қағидаттарын айқындауға, сондай-ақ шешім қабылдау тетіктеріне ықпал етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар құрылтайшы мәртебесі Қазақстанға қабылданатын шешімдерге қатысты өз ұстанымын институционалдық және құжаттық деңгейде бекітуге жол ашады. Бұл ретте Қазақстан бейтарап позициясын сақтай отырып, бейбітшілік пен диалогқа негізделген ұстанымын декларативті емес, нақты институционалдық форматта жүзеге асыра алады. Нәтижесінде елдің халықаралық тұрақтандырушы ретіндегі рөлі күшейіп, оның жауапты әрі болжамды әріптес ретіндегі имиджі нығаяды.
— Неліктен, сіздің пікіріңізше, Қазақстан құрылтайшы ел ретінде таңдалуы мүмкін болды: географиялық орналасуы, дипломатиялық беделі, көпвекторлы сыртқы саяси моделі немесе бейтарап келіссөз жүргізу ұстанымы ма?
— Қазақстанның құрылтайшы ел ретінде қарастырылуына бірнеше өзара байланысты фактор әсер етті. Ең алдымен, бұл — елдің қалыптасқан дипломатиялық беделі және бейтарап келіссөз алаңы ретіндегі репутациясы. Астана соңғы жылдары түрлі халықаралық және өңірлік диалог форматтарын өткізу арқылы өзін сенім орнатуға арналған алаң ретінде дәлелдеп келеді. Сонымен қатар Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саяси моделі мен географиялық орналасуы да маңызды рөл атқарады. Ел ірі геосаяси орталықтар арасында теңгерімді сақтай отырып, әртүрлі тараптармен конструктивті диалог жүргізе алатын мемлекет ретінде қабылданады. Бұл қасиет қазіргі күрделі халықаралық жағдайда ерекше маңызға ие. Бұған қоса, әлемдік тәртіп трансформациясы аясында дәстүрлі халықаралық институттардың тиімділігіне қатысты сын күшейіп отыр. Осындай жағдайда ірі державалар арасында тепе-теңдік сақтай алатын, қақтығыстарды ушықтырмайтын елдерге деген сұраныс арта түсуде. Бұл жерде сенім капиталы шешуші рөл атқарады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық әріптестерімен, соның ішінде АҚШ Президентімен, сенімге негізделген диалог орната алуы Қазақстанның осы форматқа шақырылуына қосымша фактор болды деп айтуға болады.
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке факторы мен оның кәсіби дипломатиялық тәжірибесі Қазақстанның осындай бастамаларға лайықты қатысушы ретінде қарастырылуына қаншалықты ықпал етті?
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке факторы мен кәсіби дипломатиялық тәжірибесі бұл үдерісте айтарлықтай рөл атқарды деп ойлаймын. Оның халықаралық институттардағы және сыртқы саясаттағы көпжылдық тәжірибесі Қазақстанды келіссөз жүргізуге қабілетті, болжамды әрі жауапты әріптес ретінде танытады. Жаңа халықаралық форматтарды қалыптастыру барысында мемлекеттердің ресми ұстанымымен қатар, саяси көшбасшының жеке беделі, тұлғалық сенім деңгейі және прагматикалық, қақтығысты ушықтырмайтын саяси стилі де ескеріледі. Осы тұрғыдан алғанда Президент Тоқаевтың сабырлы әрі диалогқа негізделген дипломатиялық ұстанымы Қазақстанның мұндай бастамаларға лайықты қатысушы ретінде қабылдануына мүмкіндік береді.
— Мұны Қазақстанның “middle powers” — орта деңгейлі державалар қатарындағы позициясының күшеюі ретінде қарастыруға бола ма?
— Иә, мұны белгілі бір деңгейде Қазақстанның орта деңгейлі державалар қатарындағы позициясының нығаюы ретінде бағалауға болады. Бұл мәртебе декларациялармен емес, институционалдық және практикалық нәтижелермен өлшенеді. Қазіргі әлемдік саясатта орта деңгейлі держава мәртебесін айқындайтын негізгі белгілерге түрлі саяси және экономикалық блоктармен жұмыс істей отырып коалиция құру қабілеті, күн тәртібін ұсыну әлеуеті, халықаралық ұйымдардағы белсенділік, қақтығысты экспорттамау, тұрақтандырушы әрі болжамды рөл атқару, сондай-ақ диалог пен гуманитарлық жауапкершілікке негізделген нормативтік капиталдың болуы жатады. Осы өлшемдер тұрғысынан алғанда Қазақстан өз мәртебесін нақты сыртқы саяси нәтижелер арқылы бекітіп келеді.
