Әлемдегі ең қуатты флот саналатын АҚШ-тың Әскери-теңіз күштері (ӘТК) заманауи асимметриялық соғыста күтпеген қиындықтарға тап болды. Ормуз бұғазы үшін күрес америка флотының стратегиялық маңызы бар теңіз жолдарын бақылаудағы осалдығын әшкереледі. Ондаған жылдар бойы қалыптасқан «флот неғұрлым үлкен болса, соғұрлым жақсы» деген қағида қазіргі жаңа қауіп-қатерлер алдында тиімсіз болып шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.
АҚШ соққы беру әлеуеті бойынша әлі де әлемде бірінші орында тұрғанымен, кемелер саны жағынан Қытай флотынан артта қалып отыр. Пентагонның бұрынғы кеңесшісі Брайан Кларктың айтуынша, американдық флот ашық мұхиттағы ауқымды соғыстарға арналған, сондықтан жағалау маңындағы шектеулі аймақтарда әрекет етуге нашар бейімделген. Мысалы, құны миллиардтаған доллар тұратын «Джеральд Р. Форд» сияқты алып авиатасығыштар Иранның жағалаудан ұшырылатын баллистикалық зымырандары мен «Шахед» дрондарының нысанасына айналудан қорқып, жағалаудан жүздеген миль қашықтықта жүруге мәжбүр.
Иран өз флотының едәуір бөлігі жойылғанына қарамастан, шағын катерлерді, теңіз миналарын және арзан дрондарды пайдалану арқылы стратегиялық маңызы бар бұғазды бақылауда ұстап отыр. Бұл жағдай әлемдік экономиканы сілкіндірген Хуситтердің Баб-эль-Мандеб бұғазындағы әрекеттеріне ұқсас. Ендігі кезекте ірі флоты немесе тіпті ресми үкіметі жоқ топтар да асимметриялық соғыс арқылы жаһандық сауда маршруттарын бөгей алатын деңгейге жетті. Технологиялық прорыв миллиардтаған доллар тұратын кемелерді арзан дрондар мен зымырандар алдында дәрменсіз етіп отыр.
Қытай бұл жағдайдан сабақ алып, өз флотын технологиялық тұрғыдан жетілдіруге баса назар аударуда. Бейжіңнің кеме жасау қуаты АҚШ-тан айтарлықтай жоғары және олар болашақта жасанды интеллект, робототехника мен дрондарды қолдануда көш бастауды көздейді. Сарапшылардың болжамы бойынша, алдағы уақытта теңіздегі соғыс авиатасығыштар мен эсминецтерден ұшқышсыз басқарылатын аппараттар флотына қарай ойысады. Сондықтан АҚШ қазіргі уақытта лазерлік қару мен дрондарға қарсы жүйелерге инвестиция салып, өз стратегиясын қайта қарауға мәжбүр болып отыр.