Ертең Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолына алғанына алты жыл. Осыған орай Dalanews.kz саясаттанушы Қазыбек Майгелдиновтің пікірін сұрады.
Сарапшының пікірінше, Мемлекет басшысы жұмысқа кіріскелі саяси трансформация бағытындағы реформалар қолға алынған.
"2019 жылы 19 наурыз күні, осыдан тура 6 жыл бұрын еліміздегі саяси транзиттің басты актісі өтті деуге болады. 2019 жылы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев билікке келгелі әуелі саяси трансформация жасау, яғни саяси трансформация бағытындағы реформалар қолға алынды. Бүгінде ол Тоқаевтың саяси реформаларының пакеттері атымен белгілі. Жалпы саяси реформаларының бес пакеті қабылданды. Ол жалғасатын шығар. Өйткені жуырда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Президентіміз бұл саяси трансформацияның алдағы уақытта да, әсіресе, ішкі саясатты оңтайландыру бағытында жалғасатынын айтқан болатын", - деді сарапшы.
Саясаттанушы алты жылдағы басты өзгерістерді атады.
"2019 жылдан бастап елдегі ең басты өзгеріс бұл, әрине, билік құрылымдары арасындағы тепе-теңдікті қайта қарау. Яғни шешім қабылдау орталықтары мен билік тетіктерінің жаңа арақатынасы орнады. Ең біріншіден, бұл - Президенттің өкілеттілігін шектеу. Жеті жылдық, бір реттік мерзіммен. Әрине, АҚШ-тағыдай төрт жылдық етуге болатын еді. Бірақ қазіргі таңдағы саяси ахуалды ескере отырып, еліміз дамушы мемлекеттер қатарында болғандықтан, демократиялық институттар қалыптасуы әлі де жалғасып жатқаннан кейін кез келген реформаны немесе өзгерісті жүзеге асыру үшін жеті жылдық мерзім қажет деген шешім қабылданды. Одан бөлек еліміздегі сайлау жүйесі өзгертілді. Бұл да болса елдегі жаңа саяси күштер пайда болып, шешім қабылдау орталықтарының әртараптандырылуына басты қадам. Нәтижесінде бізде бір мандатты округ арқылы депутаттыққа сайлануға мүмкіндік болды", - деді ол.
Қазыбек Майгелдинов өзгерістердің бірі ретінде елде көппартиялы жүйе пайда болуына жасалған алғышарттарды атады.
"Межені түсіру арқылы жаңа саяси партиялардың, саяси көптүрліліктің жүзеге асуына мүмкіндік жасалды. Қазіргі таңда жаңа саяси партиялардың ішінен Respublica, Байтақ партияларын айтуға болады, Ынтымақ партиясы да тіркеуден өтуге тырысып жатыр. Бұл - жақсы үрдіс. Өйткені елде неғұрлым түрлі-түрлі саяси көзқарастар, саяси күштер болса, соғұрлым бәсекелестік те артады", - деді сарапшы.
Саясаттанушының сөзінше, мемлекеттік аппараттың жауапкершілігін арттыру - Президенттің күнделікті айтып жүрген күн тәртібіндегі басты қағидаты.
"Жауапкершілік болмай, кез келген реформаны, кез келген бастаманы жүзеге асыру қиын. Бізде әкімдерді халық сұрағандай, халық талабына сай тікелей сайлау басталды. Алдымен ауыл әкімдерін тікелей сайлады. Былтыр аудан әкімдерін және республикалық деңгейіндегі қала әкімдерін сайлады. Алдағы уақытта бәлкім облыс әкімдерін де тікелей сайлауға келетін сияқтымыз. Бұл да өте жақсы үрдіс", - деп бағалады ол.
Сарапшының пайымынша, еліміздің біртұтастығын, тұрақтылығын сақтау үшін қанша дегенмен де биліктің, шешім қабылдау орталығының мықтылығы керек.
"Дегенмен де супер президенттіктен кеттік. Супер президенттіктен арылу үшін Конституцияда барлық өзгеріс жасалды. Енді алда жергілікті өзін-өзі басқару, азаматтық қоғам және билік пен қоғам арасындағы көпірдің одан әрі қарай ұлғаюын, азаматтардың шешім қабылдау үрдісіне тікелей қатысуға мүмкіндік алуын күтеміз. Менің ойымша, алты жылдағы басты саяси реформалардың нәтижесі осындай болды.
Экономикалық, әлеуметтік бағыттарда Әлеуметтік, Бюджет, Салық кодекстері де бар. Бірі мемлекеттік бюджетті дұрыс пайдалану үшін болса, енді бірі әлеуметтік төлемдерді жоғарылату мақсатында. Президент айтқандай, біз - әлеуметтік мемлекетпіз. Әлеуметтік теңсіздікті жою - басты мақсатымыз. Бұл бағытта да саяси реформалармен қатар жасалып жатқан әрекеттер бар.
Бюрократияны жоюдағы, мемлекеттік басқаруға жасанды интеллектіні енгізудегі мақсат - заман талабына сай, бүгінгі таңдағы тиімділігі жоғары мемлекеттік аппарат құру. Өйткені осы бағыт дұрыс жолға қойылса, онда экономикалық, әлеуметтік реформалардың жүзеге асу сапасы да артады", - деп түйіндеді Майгелдинов.
Dalanews.kz анықтамасы: Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 20 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті ретінде ант қабылдады.
2019 жылы 9 маусымда өткен кезектен тыс Президент сайлауында 70,96 пайыз дауыс жинап, Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. 2019 жылы 12 маусымда ҚР Конституциясының 42-бабына сәйкес ант беріп, ресми түрде сайланған Президент ретінде Мемлекет басшысының лауазымына кірісті.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауында 81,31% дауыс жинап, жеңіске жетті. 2022 жылы 26 қарашада Қазақстан Республикасы Президентін салтанатты ұлықтау рәсімі өтті.
Еске салайық, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов Қасым-Жомарт Тоқаев туралы мақала жазды.