«Ауғанстандағы этникалық қазақтардың өтініштеріне байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігіне олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен, қажет болған жағдайда тарихи отанына қайтару мәселесі бойынша барынша көмек көрсетуді тапсырды», – деді Айбек Смадияров тілшілерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, этникалық қазақтар мәселесі Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігінің ерекше бақылауында.
«Бізде бар мәліметтерге сәйкес, Ауғанстан аумағында 15-ке жуық этникалық қазақтардың отбасы тұрады. Нақтырақ, 200-ге жуық этникалық қазақ.
Кейбір БАҚ Ауғанстанда бірнеше мың этникалық қазақтардың тұратыны туралы тексерілмеген ақпарат таратты. Бұл шындыққа сәйкес келмейді.
Осыған байланысты ақпаратты мұқият қайта тексеруді және қажетсіз дүрліктірмеуді сұраймыз. Біз тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз және Ауғанстандағы қазақтармен тұрақты байланыстамыз», – дейді ол.
Әзір ғана...
Dalanews.kz тілшісі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты С-295 әскери-жүк тасымалдаушы ұшағы Ауғанстаннан 42 азаматты алып, Алматының әуежайына аман-есен қонғанын хабарлады.
"Жолаушылардың арасында 15 жасөспірім мен 10 бала бар. Қалғандары бейбіт тұрғындар. Біреулер айтқандай бөтен ойлы адамдар емес.
Осы ретте Қазақстан сарбаздары Ауғанстаннан Ресей мен Литваның бір азаматын Ауғанстаннан алып шыққанын айта кетуіміз керек. Қазіргі таңда қос елдің азаматы өз елінің елшіліктеріне хабарласып, көмек күтуде. Осылайша біздің сарбаздар өздеріне тапсырылған міндетті мінсіз орындап шықты", – дейді сайт тілшісі Нұрлан Жұмахан.