Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың катарлық Al Jazeera арнасына берген эксклюзивті сұхбаты еліміздің қазіргі кезеңдегі ішкі-сыртқы саясатына, жаһандық ахуал мен әлемдік тәртіптегі орта державалардың рөліне қатысты байыпты әрі салмақты пікірлерімен ерекшеленді. Президент өз сөзінде Қазақстанның ұлттық мүддесі бәрінен жоғары екенін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алдымен Мемлекет басшысы үш жыл бұрын басталған реформалар туралы сөз қозғап, еліміздің "Жаңа Қазақстанға" бет алған жолындағы қадамдарын саралады. Оның айтуынша, алға қойған мақсаттарымызға қарай нық қадаммен ілгерілеп келеміз. Дегенмен бұл үдеріс оңайға соқпай жоқ, себебі сыртқы факторлар – коронавирус пандемиясы мен Украинадағы соғыс реформаларға өз әсерін тигізбей қоймады.
"Бұл – оңай шаруа емес. Біз шыншыл әрі прагматик болуымыз керек. Десе де, өзгерістерді жүзеге асыруда батылдық танытуға міндеттіміз. Сондықтан мақсаттарымызға жету жолында табанды әрекет етуге шақырудамын", – деді Президент.
Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан реформалар өз нәтижесін бере бастағанын да айтады.
Қазақстан – Еуразиядағы, әсіресе Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің тірегі
Сұқбат барысында Қазақстанның сыртқы саясаты да жан-жақты талқыланды. "Қазақстан сыртқы саясатындағы басымдықтарын қайта қарастырып жатыр ма?" деген сауалға Президент салмақты жауап қайырды. Оның пікірінше, Қазақстанның сыртқы саясаты консервативті сипатқа ие және түбегейлі өзгерістерді қажет етпейді. Әйткенмен, ел сырттағы жағдайларды назарда ұстауға міндетті. Себебі Қазақстан – Еуразиядағы, әсіресе Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің тірегі. Сондықтан да сыртқы саясатта ірі державалармен, соның ішінде көрші мемлекеттермен де теңгерімді қарым-қатынас ұстану алда да жалғасын табады. Бірақ ұлттық мүдденің басымдығы – өзгермейтін қағида.
Осы тұста Тоқаев Транскаспий көлік дәлізіне ерекше тоқталды. Президенттің айтуынша, Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты бағыттарының бірі – көлік-логистика бағыттарын әртараптандыру.
"Орта дәліз" жобасы Қазақстанның халықаралық аренадағы экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтетін маңызды бағытқа айналуда. Сонымен қатар, Президент Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасының Қазақстанда жарияланғанын еске салды және оның стратегиялық маңыздылығын ерекше атап өтті.
Путинмен Каспий құбыр консорциумына қатысты мәселелерді талқыладық
Қазақстанның Ресеймен байланысы және Каспий құбыр консорциумы (КТК) туралы сауалға Президент Тоқаев ашық жауап берді. Оның айтуынша, Ресей – Қазақстанның стратегиялық әріптесі, көршісі және одақтасы. Әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы дәл осы Ресеймен арада орналасқандықтан, Мәскеумен әріптестіктің маңызы зор. Әсіресе, Каспий құбыр консорциумына байланысты мәселелерге тоқталған Президент бұл құбыр арқылы Қазақстанның мұнайы Ресей жерімен Еуропа нарығына және одан ары әлемдік нарыққа тасымалданып отырғанын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы Владимир Путинмен таяуда телефон арқылы болған әңгімесінде де дәл осы Каспий құбыр консорциумына қатысты мәселелер талқыланғанын ашық айтты. Тоқаевтың пайымынша, Қазақстан болашақта да осы құбыр арқылы тасымал көлемін сақтап қалуға және арттыруға ниетті.
Дегенмен, Украинадағы қарулы қақтығыс пен Ресейге салынған санкциялар Қазақстанның шикізаттық экспорттық стратегиясына әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан еліміз бір бағытқа ғана байланбай, тасымал маршруттарын әртараптандыруды көздеп отыр. Бұл тұрғыда Президент журналистің Баку – Джейхан құбыры мен "Орта дәліз" бағыты туралы айтқан сөзін құптады. Осы бағыттар Қазақстанның стратегиялық дербестігін нығайтып, халықаралық саудадағы тәуекелдерді төмендетуге септігін тигізеді.
"Ресеймен стратегиялық серіктестікті жоғары бағалаймыз. Бірақ бұл бір бағытпен шектелеміз деген сөз емес. Мұнай тасымалдауда негізгі басымдық, әрине, Каспий құбыр консорциумына беріледі. Десе де, "Орта дәліз" бен өзге бағыттарды дамыту арқылы Қазақстан өз қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады", – деп сөзін түйіндеді Тоқаев.
БҰҰ реформасы және ондағы Қазақстанның рөлі
Сұқбаттың екінші бөлімі Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесіне арналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін кеңейту қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, ұйымның негізгі басқарушы органы ретінде Қауіпсіздік Кеңесінің қатарына жаңа дамушы мемлекеттерді қосу қажет. Бұл мемлекеттер құрамға тұрақты емес, ротациялық негізде енуі де мүмкін. Осы орайда Жапония мен Германия сияқты ірі державалар, сонымен қатар Азия және Африка құрлығынан шыққан елдердің де өкілдері Қауіпсіздік кеңесіне қатысуы немесе оның қызметіне тартылуы керек деп санайды Президент.
"Бұл – әділетті шешім болар еді. Сіз ірі мемлекеттердің оқшаулануы жайында айтып өттіңіз, расында мұндай құбылыс байқалады әрі ол бізді де алаңдатады", – деді Мемлекет басшысы.
Al Jazeera журналисі Қазақстанның БҰҰ-ны реформалау бағытында өзге елдер қол жеткізе алмаған жетістікке қалай жетуі мүмкін екенін сұрады. Президент Қазақстанның сирек кездесетін металдар мен маңызды табиғи ресурстарға бай екенін ескертіп, осы ресурстарды халықаралық деңгейде келіссөздер барысында тиімді пайдалануға болатынын айтты.
"Әйткенмен, біз өз мүмкіндігімізді асыра бағалаудан аулақпыз. БҰҰ реформасын жүргізуде Қазақстанның рөлі шешуші болады деп айтпас едім. Біздің ойымызша, ұйымның әділеттілігін нығайту және оны заманауи талаптарға сәйкестендіру жолында барлық мемлекеттер, әсіресе орта державалар бірігіп әрекет етуі тиіс", – деді Президент Тоқаев.
Көмірсутекті шикізаттар экспорты ҚР сыртқы саудасының негізі болып қала бермек
Әңгіме барысында Қазақстанның көміртегіне бейтараптыққа қол жеткізу және экономиканы әртараптандыру міндеттері де талқыланды. Журналистің айтуынша, қазір көмірсутекті ресурстар Қазақстан экспортының 50 пайызынан астамын құрайды. "2029 жылға дейін мұнайдан тыс салалардың үлесін арттыру мүмкін бе" деген сауалға Президент прагматикалық тұрғыдан жауап берді.
"Шындығына келсек, көмірсутекті шикізаттар экспорты ұзақ уақыт бойы біздің сыртқы саудамыздың негізі болып қала бермек. Қазақстан 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді көздеп отыр. Бұл – шынайы мақсат. Бүгінгі таңда еліміздің энергия тұтынысында көмірдің үлесі 73 пайызды құрайды. Одан бірден бас тарту мүмкін емес. Сонымен қатар Қазақстанда мұнайдың үлкен қоры бар, ал уран өндірісінде әлем бойынша бірінші орындамыз, жаһандық нарыққа уран жеткізудің 40 пайызын біз қамтамасыз етеміз", – деді Президент.
Сұқбат барысында IT-индустрия және цифрлық инфрақұрылымды дамыту жайы да сөз болды. Журналист Қазақстанның цифрлық жетістіктерін атап өтті: елімізде 20 мың шақырымнан астам талшықты-оптикалық желі тартылған, Astana Hub құрылып, IT технологиялар экспорты 2023 жылы 280 миллион доллардан астам қаржы әкелген. Дегенмен әлі де шешімін таппаған мәселелер бар, мысалы, стартаптарға кедергі болатын бюрократия, мамандар тапшылығы және ғылыми-зерттеу жұмыстарының төмен деңгейі дегендей.
Алдағы бес жылда цифрлық мемлекетке айналу тұрғысында мақсатымыз бар
Президент осы мәселелердің маңыздылығын мойындап, Қазақстан жақында шетелдік серіктестермен бірлесіп суперкомпьютерді елге әкелгенін мәлімдеді.
"Цифрландыру – Қазақстанның басты бағыттарының бірі. Мен еліміздің алдағы бес жылда толық цифрлық мемлекетке айналғанын қалаймын. Бюрократиямен күрестің ең тиімді құралы – цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары болмақ", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы әлемдегі саяси-экономикалық қарым-қатынастардың табиғатын түбегейлі өзгертіп жатқанын атап өтті.
"Жасанды интеллект дәуірінде елдердің бір-бірімен соғысуы, түрлі қақтығыстарға баруы – адамзат өркениеті үшін тым ескірген әрі қарабайыр тәсілге айналуда. Біз, керісінше жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар арқылы халықтың әл-ауқатын арттырып, жастарымыздың білім сапасын көтеруге, олардың зияткерлік әлеуетін дамытуға баса назар аударуымыз қажет", – деп пайымдады Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, цифрландыру қоғамдағы жемқорлықты, қағазбастылықты және әкімшілік кедергілерді азайтып қана қоймай, мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік дамуына тың серпін береді. Осы ретте Президент Қазақстанға жуырда жеткізілген суперкомпьютер елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайтып, стартаптар мен инновациялық жобалардың дамуына қолайлы орта қалыптастыратынын ерекше атады.
"Біз бұл суперкомпьютерді әйгілі халықаралық компаниялармен ынтымақтастық нәтижесінде әкелдік. Осы арқылы Қазақстан технологиялық серіктестікке ашық екенін көрсетіп отыр. Алдағы бес жылда цифрлық мемлекетке айналу мақсатын алға қойдық. Бұл өте батыл әрі өршіл мақсат, бірақ меніңше, ол толық орындалуы мүмкін", – деді Президент.
Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар – өркениеттің жаңа дәуірі
Тоқаев сөз соңында цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту ісінде әлемдік қауымдастықпен бірлесе әрекет ету қажеттігіне назар аударды. Себебі қазіргі заманда мемлекетаралық ынтымақтастық пен технологиялық интеграциясыз бірде-бір ел өз алдына толық жетістікке жете алмайды.
"Адамзатты соғыс пен қақтығыстардан гөрі жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың келешегі көбірек алаңдатуы тиіс. Бұл – өркениеттің жаңа дәуірі. Біз осы жаңа дәуірдің талаптарына сай болып, болашаққа қадам басуымыз керек", – деп сөзін қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сұқбат соңында Катар Әмірі мен премьер-министріне Қазақстанмен арадағы сенімді әрі тығыз серіктестік үшін алғыс айтып, екі елдің ынтымақтастығы нақты жобалар арқылы одан әрі нығая түсетініне сенім білдіретінін жеткізді.