Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданында нөсер жаңбыр мен қатты желдің салдарынан ірі шығын тіркелді. Алдын ала мәлімет бойынша, 100-ден астам жылқы қырылып, ауыл шаруашылығы саласына айтарлықтай зиян келген, деп хабарлайды Dalanews.kz
Lads.kz агенттігінің жазуынша, негізгі шығын Ақшымырау ауылы маңында және Сайөтес пен 7-разъезд аралығындағы аумақта байқалған. Бұл аймақ аудан орталығынан шамамен 120–150 шақырым қашықтықта орналасқан. Сонымен қатар, теміржол бойында жүрген өзге де малдар апат салдарынан қырылғаны хабарланды.
Қазіргі уақытта қырылған малдың нақты саны әлі анықталып жатыр. Шаруашылық иелері мал басын толық есептеп үлгермеген. Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, 14–15 сәуір күндері болған қолайсыз ауа райы Сайөтес елді мекеніндегі бірқатар нысандардың шатырларын зақымдаған.
Апат салдарынан кейбір табындарды су ағызып әкетсе, енді бір бөлігі бағытынан жаңылып, сортаң және шамадан тыс ылғалданған жерлерге кіріп кеткен. Соның салдарынан мал батпаққа батып, шығынға ұшыраған.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, әрбір шаруашылық бірнеше бастан он басқа дейін малынан айырылған. Ауыл халқы жағдайдың күрделене түсуі мүмкін екенін айтып, тиісті мемлекеттік органдардан шұғыл көмек күтуде.
Зардап көлемін бағалау үшін 16–17 сәуір күндері арнайы комиссия құрылып, оның құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері енгізілді. Комиссия шаруашылық иелерімен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Ресми мәліметке сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру базасында тіркелген мал шығыны бойынша өтемақы төлеу мәселесі қолданыстағы заңнама аясында қаралады. Соңғы шешімді төтенше жағдайлар, ауыл шаруашылығы және ветеринария саласындағы уәкілетті органдар қабылдайды.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Бейнеу ауданынан «Трэкол» жол талғамайтын көлігі жіберіліп, дрондар арқылы әуеден бақылау ұйымдастырылған. Сонымен қатар, жедел штаб мұнай-газ компанияларына қосымша техника тарту жөнінде тапсырма берген.
Қазіргі таңда өңірде барлық күш пен құрал жұмылдырылған. Ірі кәсіпорындардың техникасы, төтенше жағдайлар қызметі және жергілікті атқарушы органдар бірлесе жұмыс істеуде. Су сору, инфрақұрылымды қалпына келтіру және зардапты азайту шаралары күшейтілген режимде жалғасып жатыр. Мамандардың айтуынша, жағдай ерекше бақылауда.
