Тоғызқұмалақтың жаңа дәуірі: әлемдік цифрлық платформа іске қосылды

Тоғызқұмалақтың жаңа дәуірі: әлемдік цифрлық платформа іске қосылды

Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Қауымдастығы 9qum.com атты жаңа цифрлық платформаны таныстырды. Жасанды интеллектпен жаттығу, онлайн турнирлерге қатысу, партияларды терең талдау және әлемнің түкпір-түкпіріндегі қарсыластармен ойнау мүмкіндігін ұсынатын жоба ұлттық ойынды халықаралық деңгейде дамытуға жол ашады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жобаны тоғызқұмалақшы әрі бағдарламашы Элдар  Шаймағамбет пен Есеншораева Әдемі бірлесіп әзірледі. 

Бұл заманауи платформа тоғызқұмалақ әуесқойлары мен кәсіби спортшыларға, жаттықтырушыларға және төрешілерге арналған кең мүмкіндіктер ұсынады.

Платформаның негізгі мүмкіндіктері:
* Жасанды интеллектпен (ЖИ) әртүрлі деңгейде ойнап, дайындалу және шеберлікті жетілдіру;
* Әлемнің кез келген нүктесіндегі ойыншылармен онлайн партия өткізу;
* Жеке кабинет арқылы жаттықтырушымен бірлесіп жұмыс істеу, тапсырмалар орындау және партияларды талдау;
* Қарсыласпен бейнебайланыс арқылы ойын өткізу;
* Әр партия бойынша жасанды интеллекттің толық талдауын алып, жіберілген қателерді, тиімді жүрістерді және балама нұсқаларды көру;
* Кез келген дебюттік немесе тактикалық позицияны тақтаға қойып, жасанды интеллекттің ең тиімді жүрістер жөніндегі ұсыныстарын алу;
* Онлайн турнирлерге қатысу және халықаралық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыру;
* Үздік ойыншылардың батлдары мен партияларын тікелей эфирде немесе жазба арқылы тамашалап, олардың ойын мәнерін зерделеу;
* Тоғызқұмалаққа арналған оқулықтарды, әдістемелік құралдарды және ғылыми еңбектерді онлайн кітап дүкенінен сатып алу.

Платформаның тағы бір маңызды ерекшелігі – онлайн турнирлерді ұйымдастырудың толыққанды жүйесінің енгізілуі. 

Ұйымдастырушылар қатысушылардың тіркелуін, ойындардың өту барысын және нәтижелердің жаңартылуын онлайн режимде бақылап, жарысты тиімді басқара алады. Сонымен қатар ойыншылар бейнебайланыс арқылы бір-бірін көріп отырып ойын өткізе алады. Бұл халықаралық деңгейдегі жарыстарды ашық, әділ әрі жоғары сапада ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда платформаға 1400-ге жуық спортшы тіркеліп, іске қосылған алғашқы үш күннің ішінде 9 мыңға жуық партия ойналды. Бұл жаңа платформаның қысқа мерзім ішінде тоғызқұмалақ қауымдастығының үлкен қызығушылығына ие болғанын көрсетеді.
Осы уақытқа дейін платформада екі онлайн турнир ұйымдастырылып, оған 300-ге жуық спортшы қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Алдағы уақытта платформада:
* республикалық және халықаралық деңгейдегі тұрақты турнирлер өткізу;
* рейтингтік жүйені жетілдіру;
* оқу-жаттығу мүмкіндіктерін кеңейту;
* жасанды интеллекттің талдау сапасын арттыру;
* тоғызқұмалақты әлемнің түкпір-түкпіріне кеңінен насихаттау жоспарланып отыр.

Бұл жоба – ұлттық зияткерлік мұрамызды заманауи цифрлық технологиялармен ұштастырып, тоғызқұмалақтың халықаралық беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам. 

Жаңа платформа спортшыларға шеберлігін шыңдауға, жаттықтырушыларға оқу-жаттығу үдерісін жетілдіруге, ал жанкүйерлерге сүйікті ойынын жаңа деңгейде тамашалауға мүмкіндік береді.

Баршаңызды https://9qum.com платформасына тіркеліп, оның барлық мүмкіндіктерін пайдалануға шақырамыз. Бірлесе отырып, тоғызқұмалақты әлемдік деңгейде жаңа белеске көтерейік!