«ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында қазақстандық саясаттанушы Ерлан Саиров бүгінгі кадрлық ауыс-түйістерге пікір білдірді.
– Кадрларды алмастыру – ол заңды үдеріс. Бұрындары облыс әкімі ретінде өңірлердің адамдарын тағайындайтын. Әсіресе, бұндай үрдіс 2010-шы жылдардың бысында байқалған еді. Дегенмен де, биліктің орталық органдарына жұмыс тәжірибесі бар адамдар да керек. Себебі әкімдерге білім беру, экономика салаларындағы көп бағдарламаларды үйлестіру қажет екені белгілі. Қазіргі кезде өңірлерде бизнесті дамыту бойынша бағдарлама жүзеге асырылуда, осы ретте қомақты сомада қаражат бөлінуде. Осындай жағдайда республикалық деңгейде жұмыс тәжірибесі бар қызметкерлер керек шығар, – деп тоқталды ол. Сонымен қатар саясаттанушы соңғы жылдары Е. Тоғжанов идеологиялық бағытта жұмыс істегенін еске салып өтті.
– Негізі Ералы Тоғжанов – ол тәжірибелі менеджер. Ол жұмыс істеген кезеңде Қазақстан халқы Ассамблеясы тиімді органға айналды, яғни ҚХА ұлтаралық қатынастар саласындағы мәселелерді реттеуге қауқарлы. Соңғы 10 жылда бізде бұл салада теріс үрдістер, қоғамдық тәртіпті бұзудың асқынған жағдайлары орын алған жоқ, – деп түсіндірді Саиров.
Бұдан бөлек, ол Ералы Тоғжановтың елеулі ұйымдастырушылық қабілеттеріне де тоқталып өтті. «Маңғыстау өңірі ерекше аймақтардың бірі. Менің ойымша, осы өңірде гуманитарлық салада жұмыс істеп, дипломатиялық қабілеттің мүмкіндіктерін пайдалану керек, – деп пайымдайды саясаттанушы.
Атап айтқанда, Тоғжановтың атқарған қызметтерінің қатары қалың, оның ішінде айтарлықтай жауапты лауазымдарды да атқарды. Ол Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасында оқытушы, ҚР Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтында ғылыми қызметкер болды. Астана қаласының Қазақ гуманитарлық заң университетінің Құқық және мемлекеттік қызмет институтының директоры қызметін атқарды. Ол мемлекеттік қызметтегі мансабында да мол тәжірибе жинап үлгерді.
2001-2006 жылдары Қарағанды облысы әкімінің орынбасары. 2006-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Дін істер комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді. 2008 жылдың қаңтарында Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі болып тағайындалды.