2025 жылдың 27-28 наурыз күндері Түркістан қаласында Білім мазмұнын дамыту институтының ұйымдастыруымен халықаралық педагогикалық саммит өтті. Жиынның басты тақырыбы – Жүсіпбек Аймауытұлының педагогикалық мұрасы және Н.А. Оразахынованың «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының жаңашылдығы болды, деп хабарлайды Dalanews.kz
Халықаралық жиынды педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Жаратылыстану ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР Кіші ғылым академиясының вице-президенті әрі «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының негізін қалаушы Нұрша Алжанбайқызы Оразахынова ашты. Өз сөзінде ол ХХ ғасырдағы көрнекті педагог, психолог Жүсіпбек Аймауытұлының бүгінгі білім жүйесіндегі рөлі мен маңызын атап өтіп, дәстүрлі педагогика мен заманауи білім беру технологияларын үйлестірудің мүмкіндіктеріне тоқталды.
Саммит аясында 28 наурыз күні «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» тақырыбында ауызша командалық олимпиада өтті. Бұл білім сайысы оқушылардың жалпы пәндер бойынша бәсекелесу қабілетін дамыту, дарынды балалардың ғылыми-танымдық белсенділігін арттыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды. Олимпиада төрт кезеңнен тұрды: мектепішілік, облыстық (қалалық), республикалық және халықаралық кезеңдер. Олимпиадаға еліміздің әр өңірінен – Алматы, Астана қалалары, Павлодар, Атырау, Түркістан облыстары, сондай-ақ Қырғызстан мен Моңғолиядан 101 оқушы мен 57 жетекші қатысты.
Қазылар алқасы қатысушылардың білімін бағалау барысында олардың ғылыми негізде баяндау шеберлігіне, пән мазмұнын ашу қабілетіне, теориялық материалды практикалық тұрғыдан талдау дағдысына, қазақ халқының классик ақындары мен жазушыларының шығармаларын мәнерлеп оқуына және өз көзқарасын шешендікпен жеткізе білуіне ерекше назар аударды.
Олимпиада нәтижесінде командалық жарыста Бас жүлдені Моңғолиядан келген «Атамекен» тобы мен Қырғызстаннан келген «Умтул» тобы жеңіп алды. Бірінші орынды Астана қаласының, екінші орынды Алматы қаласының, үшінші орынды Түркістан қаласының командалары иеленді. Сонымен қатар, І дәрежелі дипломмен – 35 оқушы, ІІ дәрежелі дипломмен – 26 оқушы, ІІІ дәрежелі дипломмен – 23 оқушы, ал грамотамен – 17 оқушы марапатталды. Жеңімпаздарға марапаттарын Білім мазмұнын дамыту институтының директоры Рақымберді Жетібай табыстады.
Рақымберді Жетібай сөз кезегінде жеңімпаздар мен қатысушыларды құттықтап, іс-шараның маңыздылығына тоқталды:
«Бұл олимпиада – білім мен ұлттық құндылықтардың тоғысатын алаңы. Оқушылар тек білім жарысына қатысып қана қоймай, өз мәдениеті мен дәстүрін құрметтеуді, оны терең түсінуді үйренеді. Мұндай маңызды іс-шаралар жас ұрпақтың саналы, жан-жақты әрі білімді болып қалыптасуына зор ықпал етеді».
Халықаралық саммит дәстүрлі педагогика мен инновациялық білім беру технологияларын біріктіруге арналған маңызды алаң болды. Оқушылардың ғылыми-танымдық белсенділігін арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеген бұл іс-шара білім саласына тың серпін берді.