Қозы Көрпеш – Баян сұлу кесенесіне апаратын көпір бір жылдан бері жөнделмей тұр

Қаракөз Амантай 31 нау. 2025 10:47 14140

Абай облысының Аягөз ауданында орналасқан Қозы Көрпеш – Баян сұлу кесенесіне апаратын көпір әлі күнге дейін қалпына келтірілмеді. Өткен жылы су тасқыны кезінде қираған өткел бір жылдан бері жөндеу көрмей, бұл мәселе күн тәртібінен түспей тұр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жергілікті тұрғын Олжас Ахметов әлеуметтік желіде биліктің назарын осы проблемаға аударуға тырысты. Оның айтуынша, жаз мезгілінде кесенеге шетелдік және отандық туристер көптеп ағылады. Алайда көпірдің жарамсыз күйде болуы тарихи орынға жетуді қиындатып қана қоймай, Қазақстанның туристік имиджіне де кері әсерін тигізуі мүмкін.

“Бұл – ел тарихы мен мәдениетінің бір бөлігі. Туристердің алдында ұятқа қалмас үшін көпірді мүмкіндігінше тезірек жөндеген жөн”, – деп атап өтті Ахметов.

Айта кетейік, Қозы Көрпеш – Баян сұлу мазары – еліміздегі ең көне сәулет ескерткіштерінің бірі. Кесене Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларының тізіміне енгізілген және ерекше қорғауға алынған. Ол – халқымыздың рухани құндылықтарының бірі ғана емес, сонымен қатар қазақ жеріндегі көне сәулет өнерінің бірегей үлгісі.

Қазіргі кезде кесене туристер арасында танымал орындардың бірі. Жыл сайын мұнда елдің түкпір-түкпірінен және шетелден саяхатшылар келеді. Алайда, соңғы жылдары оған апаратын көпірдің қирауы кесене маңындағы инфрақұрылымның жағдайын қиындатып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар