Атырауда Қазақстан Туын қорлаған қыздар қамауға алынбаған. Бұл туралы жергілікті парақшалардың бірі жазды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәліметке сүйенсек, полицияға жеткізілген төрт күдікті сотқа дейін босатылған. Олардың екеуі кәмелетке толмаған.
Олар сот тергеуі аяқталғанға дейін ешқайда кетпеу туралы қолхат берген.
Желіде дау тудырған сурет не туралы?
Суреттегілер Сауд Арабиясы туының элементтері бар Қазақстан Туын ұстап тұрғаны көрінеді. Оның жоғарғы бөлігінде арабша жазу мен қылыш бейнеленген.
Ал сурет Атырау қаласындағы Хиуаз Доспанова атындағы Мұз сарайында түсірілген болуы мүмкін.
Құқық қорғау органдары болған оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу барысында ұсталғандарға көптеген сұрақ қойылуы мүмкін: бұл Туды қайдан алды, оны қандай мақсатта пайдаланды және неге әлеуметтік желілерде жариялады, т.с.с.?
Қандай жаза төніп тұр?
Қазақстан заңнамасына сәйкес мемлекеттік рәміздерді қорлау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Қылмыстық кодекстің 372-бабы бойынша мұндай әрекет үшін үш мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол сомаға түзеу жұмыстары, 900 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.