Қанша ауылға газ жеткізіледі? Алматы облысының газдандыру схемасы

Ақтоты Жапатова 31 нау. 2025 10:10 443

Алматы облысының газдандыру схемасына сәйкес облыста газды қажет ететін 284 елді мекен бар. Қазіргі уақытта оның 157-сі (55,3%) газдандырылып, 1,2 млн адам (77%) газға қол жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz

Облысқа табиғи газ келетін ірі магистральдық газ құбырлары: Алматы-Талдықорған, Алматы-Байсерке-Талғар, 2 желілі Алматы-Байсерке-Талғар, Байсерке-Қапшағай, Ташкент-Бішкек-Алматы, Бұхара газ құбыры, Қазақстан-Қытай және «Шелек-Кеген-Нарынкол» газ құбырлары салынып жатыр. 2023 жылы «Алматы-Байсерке-Талғар» газ құбыры салынды (АБТ газ құбырының учаскесін жою жұмыстары 2025 жылға жоспарланды). Алдағы уақытта газ құбырын «Интергаз Орталық Азия» АҚ-на беру жоспарланып отыр.

2024 жылы 17 елді мекенде құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Олар: Жамбыл ауданында – Бірлік, Ақтерек, Ақсеңгір, Көкдала, Жайсан, Б. Қыдырбекұлы, Беріктас, Дегерес, Қазыбек бек; Алатау қаласында – Жаңаарна ықшамауданы, Еңбек ықшамауданы, Талғар ауданында – Арқабай, Көктал, Қайнар, Төңкеріс; Ұйғыр ауданында – Бахар, Шарын. Осылайша, облыстың 40 мыңнан астам тұрғынының тұрмыс жағдайы жақсарды.

Сондай-ақ, 18 жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы шықты. Олар: Балқаш ауданында – Береке, Еңбекшіқазақ ауданында – Талдыбұлақ, Сатай, Қаракемер, Нұрлы, Масақ, Достық, Лавар, Қорам, Қаратұрық, Дихан, Қаражота, Шелек-Кеген-Нарынкөл, Қарасай ауданында – Қарасай, Талғар ауданында – Дәулет ауылы. Қонаев қаласы бойынша – МКД, КПР, №19, №20, «Арна», «Спутник», «Рауан» ықшам аудандары. Бұл тағы да 100 мыңнан астам тұрғынды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

2025 жылы 12 елді мекенді газбен қамту жүйесін жүргізуге бюджеттен 3,75 млрд теңге бөлінді. Олар: Балқаш ауданында – Бақанас, Ақжар, Бояулы, Миялы жаңа ықшамауданы; Жамбыл ауданында – Таңбалытас, Шилібастау, Арқарлы; Талғар ауданында – Еламан, Кіші Байсерке, Дәулет; Ұйғыр ауданында – Тасқарасу; Қарасай ауданында – Сауыншы (РБ – 250 млн теңге, МБ – 3,5 млрд теңге).

Сонымен қатар, 29 жобаны дамытуға облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінді. Оның 673,8 млн теңгесі Қонаев қаласын кешенді дамыту жоспарына сәйкес 8 шараны жүзеге асыруға жұмсалады. Балқаш ауданында – Бура, Үшжарма, Ақкөл; Еңбекшіқазақ ауданында – Ақши, Қайрат, Балтабай, Бөлек, Аймен, Алға, Қойшыбек, Базаркелді, Космос, Қызылшарық; Талғар ауданында – Өзтерім, Нұра, Туғанбай; Іле ауданында – Құйған; Ұйғыр ауданында – Кіші Дихан, Үлкен Дихан, Қолжат, Кетпен; КПР – «Конаев 2» АГТС, «Жаңа Іле» АГТС, аталған автоматты газ тарату стансаларынан газ құбырларын жүргізу. Қонаев қаласындағы газ магистральдарын кеңейту жұмыстары.

Бұл ретте 2025 жылдың соңына дейін облысты газдандыру пайызын 59,8%-ға дейін ұлғайтып, 170 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қалған 114 елді мекен «Алматы облысының 2030 жылға дейінгі өңірлік газдандыру схемасына» сәйкес толық қаржыландырылған соң уақытылы газдандырылады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар