Экс-судья Светлана Жолманова тергеу изоляторында отырғанына қарамастан, іс бойынша екінші айыпталушы – Данияр Құшалиевке қоқан-лоқы жасап, оның балаларына ақша аударуды талап етіп отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Bes.media-ға сілтеп.
Бұл туралы сотта Құшалиевтің қорғаушысы Камила Төкен мәлімдеді. Оның айтуынша, Жолманова егер ақша аударылмаса, Құшалиевті қайта қамауға алдырамын деп қорқытып, психологиялық қысым көрсеткен.
Сот отырысында Жолманованың жазған үш хабарламасы оқылды. Олар мессенджер арқылы қолмен жазылған жазбалардың суреті ретінде жолданған. Онда белгілі бір сома мен ақша аударуға арналған телефон нөмірлері көрсетілген. Адвокат бұл материалдарды іске тіркеуді және тиісті шара қолдануды сұрады.
Сотта хабарламалардың түпнұсқасы көрсетілді. Судья Қанат Арынов жазбалардың көшірмесін іске тіркеуге келісті, бірақ Жолмановаға қатысты ешқандай шара қолданбады. Ол «сот – қылмыстық қудалау органы емес» екенін айтып, құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес берді.
5 мамырдағы отырысқа Жолманова тағы да келмеді. Бұл жолы денсаулығына сілтеме жасаған. Алайда дәрігерлер оның сотқа қатысуына еш кедергі жоқ деген қорытынды шығарған. Процесс басталғалы ол тек 15 сәуірдегі алдын ала тыңдауға келген. Қалған бес отырыс кейінге шегерілген, ал алтыншысы оның қатысуынсыз өтті.
Іс туралы не белгілі?
Светлана Жолмановаға қатысты іс Алматыдағы Медеу аудандық №2 сотында қаралып жатыр. Оған 1 млрд теңгені алаяқтық жолмен иемденді деген айып тағылған. Тергеу нұсқасына сай, ол түрлі тендерлер мен жылжымайтын мүлік мәмілелеріне көмектесемін деп, экс-әкімнің әйелімен араласамын деген сылтаумен адамдарды алдаған. Жұмыстан кеткен соң да өзін судья ретінде таныстырып, ақша бопсалауды жалғастырған. Қазіргі таңда 48 эпизод тіркелген, жәбірленушілер арасында судьялар да бар.
Екінші айыпталушы — бұрынғы полицей Данияр Құшалиев. БАҚ мәліметінше, ол бұған дейін пара алу фактісі бойынша ұсталған.