Экс-судья Светлана Жолмановаға қатысты сот отырысында прокурор Раушан Абдулла айыптау актісін оқыды,- деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тергеу мәліметінше, айыпталушы 2021 жылдан бері алдау және сенімге кіру арқылы жылжымайтын мүлікті сатып алуға және тендерлік жобаларға қатысуға көмектесемін деген желеумен миллиондаған теңгені иемденген.
"Барлық жәбірленушіге ол Жанар есімді құрбысын жиі айтқан. Оның сөзінше, ол - сол кездегі Алматы қаласының әкімі болған Бауыржан Байбектің әйелі, - деп жазылған айыптау актісінде.
Тергеу барысында қылмыстық әрекеттің 48 эпизоды анықталып, олар бір іске біріктірілген. Бүгінгі сот отырысында прокурор оның 16-сын ғана оқып үлгерген. Келесі отырыстар 21, 22, 23 және 24 сәуірге жоспарланған.
Айта кетейік, 2021 жылдың 28 сәуірінде Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолманова алаяқтық жасады деген күдікке ілінді.
Тінту кезінде судьяның кабинетінен 10 мың доллар тәркіленген. Ол сот шешімдерін белгілі бір адамдардың пайдасына шығаруға көмектескен деген күдікке ілінді.
29 сәуірде Жоғарғы сот төрағасының өкімімен Светлана Жолманованың өкілеттігі тоқтатылды.