Теңгенің қатты әлсіреуі базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін жоққа шығарады - ҚҚҚ

Кәмшат Тілеухан 28 қар. 2024 14:30 251

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшылары жыл басынан бері ұлттық валюта АҚШ долларына шаққанда 10,1%-ға құнсызданғанын атап көрсетеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Сәрсенбіде Қазақстан валюта нарығында мұнай бағасы төмендеп, рубльдің қатты құлдырауы жағдайында шетелдік валюта көптеп сатылды. Өткен күннің биржадағы сауда-саттық қорытындысы бойынша USD/KZT жұбы бойынша 1 доллар бағамы 500,42 теңге (+1,84 теңге) деңгейіне дейін өсті. Дегенмен "аномальды" сауда белсенділігі тіркелді:  сауда-саттықтың жиынтық көлемі 455,4 млн долларды (+252,3 млн) құрады. Шетелдік валюталарды  сатып алу теңге жағдайының нашарлауы және эмоцияға негізделген импульсивті әрекеттерге байланысты болуы мүмкін. Сондай-ақ бұл сыртқы қарызға қызмет көрсету қажеттілігі және тауарлар импорты бағамының маусымдық қымбатшылығына да қатысты секілді. Естеріңізге сала кетсек, осы тоқсанда сыртқы қарыз бойынша төлемдер 10,2 млрд долларды  (+17%) құрауы мүмкін, ол ІІІ-тоқсанда 8,7 млрд доллар болған. Сонымен қатар, USD/KZT жұбы бойынша соңғы мәміледе 1 АҚШ долларының бағамы 502,7 теңгені құрап отыр. Бағамның қатты әлсіреуі (жыл басынан бері 10,1%-ға) ҚР Ұлттық банктің ертеңгі отырысында қарастырылуы тиіс деген базалық сыйақы мөлшерлемесін төмендету цикліне оралу мүмкіндігі туралы мәселені күн тәртібінен ысырып тастауға қабілетті", деп жазады Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы валютаға нарығына жасаған шолуында.

Айта кетсек,ертең, 29 қарашада ҚР Ұлттық банкі кезекті отырысын өткізіп, базалық сыйақы мөлшерлемесі бойынша шешімін жариялауы керек. Мемлекет басшысы Ұлттық банкке базалық сыйақы мөлшерлемесін төмендету цикліне оралу жайын қарастыруды тапсырған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар