Теңгені қолдау: Ұлттық Банк ақпан айында қанша валюта сатуды жоспарлап отыр

Кәмшат Тілеухан 03 ақп. 2025 12:36 572

Ұлттық Банктің мәліметінше, қаңтар айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 518,2 теңгеге дейін 1,3%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 254 млн АҚШ долларынан 227 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 4,5 млрд АҚШ долларын құрады, деп жазады Dalanews.kz.

"Қаңтар айында Ұлттық қордан 850 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Бұл  республикалық бюджетке трансферттер бөлуге, сондай-ақ "Талдықорған-Үшарал" магистральдық газ құбырын салуға бағытталған инфрақұрылымдық жобаны қаржыландыруға мүмкіндік берді. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 19%-ын немесе күніне шамамен 43 млн АҚШ долларын құрады", делінген хабарламада.

Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтық бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді.

Сондай-ақ Ұлттық Банк Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша республикалық бюджетке трансферт бөлуге ақпанда Ұлттық қордан 550 млн АҚШ долларынан 650 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп күтеді.

Ұлттық Банк қаңтарда зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алған жоқ. Ақпанда да БЖЗҚ-ға валюта сатып алу жоспарланбайды.

Қаңтар айында Ұлттық Банк отандық алтын өндіруші кәсіпорындардан бұрын сатып алынған алтынды сатудан түскен АҚШ долларын ішкі валюта нарығында сату көзделетін теңестіру тетігін ендіруге шешім қабылдады.

"Осы шешім аясында қаңтарда 244 млрд теңге азайтылды. Ақпанда осы мақсатта баламасында шамамен 250 млрд теңге көлемінде валюта сату күтіледі", - дейді Ұлттық Банк.

Бұған дейін 2024 жылдың төртінші тоқсанында аффинаждалған алтынды тепе-тең сатып алу үшін Ұлттық Банк 2025 жылғы бірінші тоқсан ішінде  шамамен 750 млрд теңгеге шетел валютасын сататыны хабарланған

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар