Теңге девальвациясына негіз бар ма? Ұлттық Банк төрағасы өз ойын айтты

Кәмшат Тілеухан 11 сәу. 2025 14:52 920

ҚР Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов арнайы брифинг барысында еліміздің валюта нарығындағы ахуалға тоқталды. Онда да теңге девальвациясы ықтималдылығына қатысты өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Девальвация ықтималдылығына келетін болсақ. Біріншіден, девальвация, өкінішке орай, біздің түсінігімізде қалыптасқан мағынада, яғни әр кез жинақталып, тағы жинақталып, содан кейін бір күні бұрқ ете түседі. Әрине, ол еркін өзгермелі бағамның инфляциялық таргеттеу режимі аясында мүмкін емес. Мен мұны тағы да растай кеткім келеді, біздің ақша бағамы қозғалысына өздеріңіз куә болып отырсыздар, бірақ ол қатты секіріс жасап қозғалып жатқан жоқ: оған ішкі және сыртқы факторлардың әсері түрткі екені анық, одан теңге күшею және әлсіреу тұрғысында да өзгеруі мүмкін", деп атап өтті Тимур Сүлейменов.

Сонымен қатар, оның айтуынша, бұл арада негізге алынатыны, негізінен, сыртқы фактор және ең алдымен мұнайдың бағасы.

"Егер мұнай бағасы тұрақты және ұзақ уақыт төмен болса, ол Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктеріне, Қазақстанның төлем балансына, ішкі нарықтағы доллар ұсынысына кері әсер етеді және тиісінше теңге бағамында өзгеріс болады. Егер мұнай бағасы, Қазақстанның басқа да экспорттық позициялары бойынша баға қолайлы деңгейде сақталса және сонымен бірге импорт көлемі төмендейтін болса, онда жағдай анағұрлым тұрақты болатыны түсінікті. Қазір, менің ойымша, әлемдік қаржы, энергетика, тауар нарықтарында не болатынын болжап, нақты айта алатын әлемде бір де бір экономист жоқ, өйткені дүдамал тұстар тым көп", деп атап өтті Тимур Сүлейменов.

Ол Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесіп АҚШ сияқты негізгі ойыншылардан келіп түскен ақпараттарды сүзгіден өткізе отырып, балама болжамдар әзірлеп жатқанын айтты.

"Біз болжамдарды жаңартып жатырмыз. Дәл қазір Ұлттық экономика министрлігіндегі әріптестерімізбен біздің сарапшылар бір үстелге отырып, модельдерді қарастырып есеп жүргізуде. Біз дүрбелеңге бой алдыратындай қандай да бір үлкен себептерді көріп тұрғанымыз жоқ. Негізінен, экономикалық өсім де, мемлекеттік қаржы көрсеткіштері де болжанған шектер маңайында. Соған сәйкес, біз қазіргі уақытта жағдай тұрақты деп санаймыз. Көрсеткіштер қарқыны қалай дамитыны тек Қазақстанға ғана емес, әлемдік энергетикалық және қаржы нарықтарындағы жағдайлар қалай ойысатындығына да байланысты болады", - деп сөзін түйіндеді Тимур Сүлейменов.

Бұған дейін Ұлттық Банк базалық мөлшерлеменің бұрынғы көлемі - 16,5% деңгейінде қалдырғандарын мәлімдеген. Алайда реттеуші орган күтпеген шалт оқиғалар жағдай орын алып жатса, оны мерзімінен бұрын өзгерту туралы құзіретін өз еншілеріне қалдырып отырғандарын да нақтылады.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар