Темірлан Анарбековке де бір кәсіпкер су жаңа автокөлік сыйлады

Dalanews 04 қаз. 2025 23:08

Қазақ футболының тұңғыш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алуына түрткі спортшының бірі Темірлан Анарбековке елімізде сусын шығаратын танымал компанияның өкілі су жаңа автокөліктің кілтін табыс етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Өз кезегінде "Қайраттың" қақпашысы халық қолдауына алғыс білдіріп, бұл жеңіс тек жеке еңбектің емес, бүкіл Қазақстанның жетістігі екенін атап өтті.

"Ассалаумағалейкум, барша қазақ халқына! Көріп жатырмын, естіп жатырмын. Барлықтарыңызға алғысым шексіз! Нәтиже менің емес, бүкіл клубтың, бүкіл Қазақстанның көмегі деп ойлаймын. Сіздер де жанкүйер болсаңыздар, біз өзімізді одан да жақсы көрсетеміз бұйырса", – дейді "Қайрат" клубының қақпашысы.

Айта кетсек, 27 тамызда өткен тарихи ойында "Қайрат" командасы Шотландияның "Селтигін" пенальти сериясында (3:2) жеңіп, тұңғыш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды. Сол ойында 21 жастағы Анарбеков үш бірдей пенальтиді қайтарған. 

Айта кетейік, жуырда ғана алматылық "Қайрат" "Реал Мадридпен" кездесті. Өкінішке қарай, алған жарақатына байланысты Анарбеков алаңға шыға алмады. Оның орнын 18 жастағы қақпашысы Шерхан Қалмырза басты. 5-0 есебімен аяқталған бұл матчта Шерхан жеті доптың бетін қайтарып, тіпті халықаралық футбол қауымдастығының көзіне түсіп үлгерді. Оған белгілі бизнесмен Ұлықбек Шарипов Exeed көлігін сыйға тарту еткен болатын.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар