«Қайрат» чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды

Көркем Алдабергенова 27 там. 2025 10:05

Алматылық «Қайрат» «Селтикті» жеңіп, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

26 тамызда Алматыдағы «Орталық» стадионда алматылық «Қайрат» пен Шотландияның Глазго қаласынан келген «Селтик» арасындағы жауапты матч өтті.

Кездесу Чемпиондар лигасының плей-офф іріктеу кезеңінің аясында ұйымдастырылды. Алғашқы матч 0:0 есебімен аяқталған.

Алғашқы қауіпті сәт 24-минутта болды. «Қайрат» ойыншылары орталық алаңда допты іліп әкетіп, алға пас шығарды. Допты алматылықтардың шабуылшысы Рикардиньо қабылдап, қорғаушыларды айналып өтіп, дат қақпашысы Каспер Шмейхельден асыра тебуді ойлады. Алайда Шмейхель допты уақытылы секіріп қағып, шабуылды тоқтатты. Оның үстіне, бразилиялық ойыншы офсайдта болғаны анықталды.

Арада бір-ақ минут өткенде «Селтик» қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Сол қапталдан келген әуелете пас Джеймс Форрестің басына жетті. Ол әуедегі допқа бірінші болып жетіп, қақпаға бағыттады. Бірақ қазақстандық қақпашы Темірлан Анарбеков әдемі секіріп, допты қайтарды.

Бірінші тайм екі тараптың белсенді ойынына қарамастан, айқын басымдықсыз өтті. Алғашқы 45 минут 0:0 есебімен жабылды.

Екінші тайм қызық оқиғамен басталды. «Селтик» қақпашысы Каспер Шмейхель өз ойыншысынан келген пасқа айып алаңында қолмен ойнап қойды. Арбитр қақпа маңынан еркін соққы белгіледі.

Бұл мүмкіндікті португалдық шабуылшы Жоржиньо пайдаланып көрді. Ол допты ортаға қарай бұра тепкенімен, «Селтик» қорғаушылары тосқауыл қоя білді.

63-минуттан кейін ойын бірқатар ауысымдармен жалғасты. Алдымен «Қайрат» ойыншы ауыстырды: жарақат алған израильдік жартылай қорғаушы Дэн Глейзердің орнына 22 жастағы қазақстандық Дамир Қасабулат шықты.

Арада жеті минут өткенде «Селтик» қос бірдей ойыншысын алмастырды. Джеймс Форрест пен Ян Хён-дзюн алаңнан кетіп, орнына бельгиялық Арне Энгельс пен ирландиялық шабуылшы Адам Айда шықты. Тағы төрт минуттан кейін шотландтар қорғаушы Киран Тирниді Дейн Мюррейге алмастырды. Осы сәттен соң алматылықтар жас шабуылшы – 18 жастағы Рамазан Бағдатты алаңға шығарды. Ол Рикардиньоның орнын басты.

86-минутта жапондық вингер Дайдзэн Маэда бүкіл стадионды дүр сілкіндірді. Ол алаңды бойлай жүгіріп өтіп, Анарбековпен бетпе-бет шықты. Бірақ соққысы қақпадан сәл биік кетті.

Осы сәттен кейін «Қайрат» қарсы шабуыл ұйымдастырды. Израильдік қорғаушы Офри Арад баспен қақпаға соққы бағыттағанымен, Шмейхель тамаша реакция танытып, қауіпті сейілтті.

Негізгі уақыт 0:0 есебімен аяқталды.

Қосымша уақыттың алғашқы жартысында есеп өзгерген жоқ. Екінші қосымша тайм алдында «Селтик» тағы ауысым жасады: Энтони Ралстонның орнына Колби Донован шықса, Рэо Хататэ орнына Люк Маккован шықты.

Соңғы минуттарда шотландтар алматылықтарға тыныс бермей, бірнеше қауіпті шабуыл жасады. Бірақ Темірлан Анарбеков бәріне төтеп беріп, қақпасын «құрғақ» сақтап қалды.

Матчтың аяқталуына төрт минут қалғанда «Қайрат» Еркін Тапаловты Сербиядан келген Юга Станоевқа алмастырды. Ал екі минуттан соң Луиш Матудың орнына қазақстандық Олжас Байбек шықты.

Дегенмен бұл өзгерістер нәтижеге әсер етпеді. Есеп ашылмай, ойын пенальти сериясына ұласты.

Пенальти сериясы. «Қайрат» – «Селтик»

«Қайрат»:
Валерий Громыко – мүлт кетті;
Александр Мартынович – гол;
Офри Арад – гол;
Егор Сорокин – гол.

«Селтик»:
Адам Айда – мүлт кетті;
Люк Маккован – мүлт кетті;
Арне Энгельс – гол;
Каллум Макгрегор – гол;
Дайдзэн Маэда – мүлт кетті.

Осылайша, алматылық «Қайрат» Темірлан Анарбековтің үш сейвінің және команда соққан үш голдың арқасында пенальтиде 3:2 есебімен жеңіске жетті. Клуб тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар