Қазақстандық кәсіпкер Шерхан Қалмырзаға су жаңа көлік сыйлады

Қаракөз Амантай 01 қаз. 2025 19:30

Елімізге белгілі кәсіпкер Ұлықбек Шәріпов “Қайрат” футбол клубының жас қақпашысы Шерхан Қалмырзаға су жаңа Exeed көлігін тарту етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әлеуметтік желіде айтулы сәттің видеосы тарады. Кәсіпкер футболшыға алғысын айтып, алдағы спорттық жолына сәттілік тіледі.

“Бұл – сенің жеке көлігің. Бізге ерекше әсер сыйладың. Ең бастысы, талпынысыңды тоқтатпа!”, — дейді Ұлықбек Шәріпов.

Күтпеген жерден бағалы сыйға ие болған Шерхан таңданысын жасыра алмады. Бұл сәтке жас футболшының жақындары да куә болды.

Еске салайық, күні кеше Алматыда “Қайрат” пен “Реалдың” тарихи матчы өтті.

Ойыннан кейін «Қайраттың» 18 жастағы қақпашысы Шерхан Қалмырза әлем жұлдызына айналды. Ол 7 мәрте сейв жасап, қарсылас команданың соққыларын қайтарды.

Алғашқы минуттардан бастап алаңға қос команданың басты жұлдыздары – Килиан Мбаппе, Винисиус Жуниор, Дастан Сәтпаев және Шерхан Қалмырза шықты.

Алғашқы таймның соңына қарай есеп «Реалдың» пайдасына 0:1 болды.

Бірінші таймдағы жалғыз голды француз шабуылшысы Килиан Мбаппе соқты. Ол 25-минутта 11 метрлік айып добын сәтті жүзеге асырды.

Екінші таймда Мбаппе тағы екі мәрте көзге түсті – 52 және 74 минуттарда соққан голдарымен есепті 3:0-ге жеткізді.

Француз форвардының екі голының арасында төреші «Реал» қақпасына пенальти белгіледі, бірақ бейнетаспаға жүгінгеннен кейін шешімін өзгертіп, айып добын жоққа шығарды.

«Қайраттың» бапкері Рафаэль Уразбахтин ойын барысын өзгертуге тырысып, алаңға Байбекті, Эдмилсонды, Станоевті, Рикардиньоны және жарақатынан кейін ұзақ уақыт ойнамаған Зарияны шығарды. Дегенмен бұл кездесудің тағдырын өзгерте алмады.

83-минутта Эдуардо Камавинга «Қайрат» қақпасына төртінші голды соқты. Бұл да соңғы гол болмады.

Қосымша уақытта Браим Диас бесінші голды соғып, матчтағы соңғы нүктені қойды.

Кездесу «Реалдың» пайдасына 5:0 есебімен аяқталды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар