Алматыда «Қайрат» пен «Реалдың» тарихи матчы аяқталды. Алматылық клуб қақпасына жауапсыз бес гол соғылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ойын Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің екінші туры аясында өтті. Алғашқы минуттардан бастап алаңға қос команданың басты жұлдыздары – Килиан Мбаппе, Винисиус Жуниор, Дастан Сәтпаев және Шерхан Қалмырза шықты. Алғашқы таймның соңына қарай есеп «Реалдың» пайдасына 0:1 болды.
Бірінші таймдағы жалғыз голды француз шабуылшысы Килиан Мбаппе соқты. Ол 25-минутта 11 метрлік айып добын сәтті жүзеге асырды.
Екінші таймда Мбаппе тағы екі мәрте көзге түсті – 52 және 74 минуттарда соққан голдарымен есепті 3:0-ге жеткізді.
Француз форвардының екі голының арасында төреші «Реал» қақпасына пенальти белгіледі, бірақ бейнетаспаға жүгінгеннен кейін шешімін өзгертіп, айып добын жоққа шығарды.
«Қайраттың» бапкері Рафаэль Уразбахтин ойын барысын өзгертуге тырысып, алаңға Байбекті, Эдмилсонды, Станоевті, Рикардиньоны және жарақатынан кейін ұзақ уақыт ойнамаған Зарияны шығарды. Дегенмен бұл кездесудің тағдырын өзгерте алмады.
83-минутта Эдуардо Камавинга «Қайрат» қақпасына төртінші голды соқты. Бұл да соңғы гол болмады.
Қосымша уақытта Браим Диас бесінші голды соғып, матчтағы соңғы нүктені қойды.
Кездесу «Реалдың» пайдасына 5:0 есебімен аяқталды.
Еске сала кетейік, мадридтік «Реал» тарихында алғаш рет Қазақстан аумағында ресми ойын өткізді. Ал алматылықтар үшін Еуропаның ең титулды клубымен өткен бұл кездесу Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы өз алаңындағы матч болды.
Бұған дейін спорт сарапшылары Dalanews.kz-ке берген сұқбатында “Қайрат” пен “Реал Мадрид” матчына болжам жасады.