“Бізді қарсылас құрлы көрмесі анық”. Спорт сарапшылары “Қайрат” пен “Реал Мадрид” матчына болжам жасады

Қаракөз Амантай 30 қыр. 2025 12:24

Бүгін, 30 қыркүйекте "Қайрат" пен "Реал Мадрид" футбол клубтарының арасында тарихи матч өтпек. Қазақстандық клуб үшін бұл ойын — үлкен тәжірибе алаңы болмақ. Осыған орай спорт сарапшылары Dalanews.kz агенттігіне алдағы ойынға қатысты өз болжамдарын бөлісті.

Белгілі спорт журналисі Сәкен Сыбанбай “Қайраттың” жеңіске жету мүмкіндігіне күмәнмен қарайтынын жеткізді. Айтуынша, бұл сын қазақстандық спорт клубы үшін оңайға соқпайды.

""Қайраттың" Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығуының өзі үлкен олжа. Бұл - Еуропаның мықты футбол ұжымдарымен ойнап, тәжірибе жинау үшін таптырмас мүмкіндік. Қазақстан деңгейінде үздік саналғанымен, "Қайраттың" әлемдік деңгейдегі күшті командалармен бәсекелесуге қауқары шамалы. Өткенде "Спортингтің" (Португалия) өзі бізді шемішкеше шағып тастады. Ал УЕФА рейтингінде 1-орында тұрған "Реалдың" бізді тіпті қарсылас құрлы көрмесі анық. Есеп 0:3 болады деп ойлаймын. Онда да испандықтар соған тоқмейілсіп, қанағат қып, тоқтап қалса. Әйтпесе одан да ірі есеппен масқара болуымыз ықтимал, – дейді ол.

Сөзінше, ойын барысында негізгі салмақ қақпашы мен қорғанысқа түспек.

""Реалдың" ақборан шабуылына төтеп беру оңай емес. Жас қақпашымыздың қолына Құдай қуат берсін дейік. Сорокин, Мрынский, Тапалов секілді артқы шеп ойыншылары үшін үлкен сын болғалы тұр. Ал алғы шептегі Сәтбаев, Громыко, Жоржиньоларда гол соғуға мүмкіндік туа ма, жалпы олардың аяғына доп тие ме - болжау қиындау. Жалпы ойынды әлсіз ғана үміт аралас қауіппен күтіп отырмын, – деп қосты сарапшы.


Ал спорт комментаторы
Рауан Оқас “Қайраттың” жеңіске жету ықтималдығын 25 пайыз деп бағалады.

Бұл ойында көп гол болмайды. Бар болғаны үш гол тіркелуі мүмкін. Әрі кетсе, бір гол айырмасымен жеңілуіміз ықтимал. Есеп 2:1 болуы ғажап емес, – дейді ол.

Оқастың пікірінше, қазақстандық клубта Дастан Сәтбаев ерекше көзге түсуі мүмкін.

Бұл матчта шешуші рөл атқаруы ықтимал ойыншылар бар. “Реал” жағынан Килиан Мбаппе гол соғуы әбден мүмкін. Ал біздің құрамнан Дастан Сәтбаевтың жұлдызы жанатын кез келді деп сенемін. Ол біраз уақыттан бері Чемпиондар лигасында гол соққан жоқ. Ырымшыл халықпыз ғой, бәлкім, дәл осы кездесуде жолы ашылар”, – дейді сарапшы.

Ол “Қайраттың” тактикасы жайлы да сөз қозғады.

“Қорғанысқа тығылып жатудың пайдасы жоқ. “Реал” бәрібір қорғанысты бұзып өтеді. Сондықтан шабуылдауға тиіс. Жеңіске жету қиын, бірақ тең нәтижеге қол жеткізуге болады”, – деп қорытындылады ол.

Спорт сарапшысы Есей Жеңісұлы да қазақстандық клубтың жеңіске жету мүмкіндігін төмен бағалады.

“Қайраттың жеңіске жету ықтималдығы шамамен 27-37 пайыз аралығында. Бірақ бұл аз көрсеткіш емес. Өйткені мұндай деңгейдегі қарсыласпен ойнау үшін әрбір сәтті тиімді пайдалану қажет. Спортингпен өткен кездесуден біз Қайраттың ойынында ұшқын бар екенін байқадық. Демек, команда өзін барынша көрсетсе, сенсация жасауға әлеуеті бар. Менің жеке болжамым – Қайрат 2:1 есебімен жеңіске жетуі мүмкін. Әрине, бұл оптимистік көзқарас, бірақ дәл осындай мүмкіндікті пайдалану керек”, — дейді ол.

Жеңісұлы ойында шешуші рөл атқаратын ойыншыларға да тоқталды.

“Негізгі назар Реалдың кіл мықтыларына ауады. Әсіресе, Килиан Мбаппе мен Джуд Беллингемнің ойыны Қайрат қорғанысына үлкен сын болмақ. Қорғаушыларымыз Мбаппені ұстай ала ма – негізгі сауалдың бірі осы. Ал Қайрат жағынан бойы аласа, жылдам ойыншыларды шабуыл ортасына қоюдың қажеті жоқ деп ойлаймын. Мәселен, Жоржиньо мен Дастан Сәтбаев секілді футболшыларды қапталға шығарған дұрыс. Шабуылға Эдмилсон шықса, оған Дин Хейсон, Давид Алаба, Рауль Асенсио, Орельен Чуамени қолдау көрсеткені тиімді болар еді. Жалпы, бұл ойында әрбір ойыншы өзін Еуропаға танытуға тиіс. Қазақ даласында да талантты футболшылар барын дәлелдеудің нағыз сәті осы. Өз басым Дастан Сәтбаевтан, Валерий Громыко және Шерхан Қалмырзадан үлкен үміт күтемін”, — дейді ол.

Сарапшының айтуынша, “Қайрат” әдеттегі ойын үлгісінен ауытқымауы тиіс.

“Бір шабуылшыны алға шығарып, қапталдан қолдау көрсеткені жөн. Бірақ бастысы – бас-көзсіз алға ұмтылмау керек. Өйткені қорғаныс босаңсыса, Реалдың шығармашыл ойыншыларына еркін өріс беріп қоясың. Сондықтан әр шабуылды ойланып, есеппен жасау қажет”, — деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, "Қайрат" – "Реал Мадрид" ойыны 30 қыркүйекте сағат 21:45-те Алматыдағы Орталық стадионда өтеді.
 
Испанияның атақты "Реал Мадрид" футбол клубы Алматыға 28 қыркүйекте келді. Қазақстандық жанкүйерлер оларды әуежайдан күтіп алып, қонақүйге дейін "шығарып салған".
 
Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаевтың сөзінше, алдын ала есеп бойынша "Қайрат – Реал Мадрид" ойынына 4 мыңнан аса турист келеді. Сонымен қатар, туристерден бюджетке 2-3 млрд теңге қаражат түседі деп болжанып отыр. 

Еске салайық, бұған дейін журналист Рауан Оқас матч өтетін Орталық стадионның тең жартысы "Реал" жанкүйерлері болуы мүмкін екенін хабарлаған еді.

Себебі 23 000 билетті сатып алғандар:
 
3000 - Испаниядан келетін фанаттар (квота)
2000 - Елдегі виптер мен спонсорларға (тегін берілді)
5000 - қырғыз бен өзбектер (реал фан)
7000 - өзіміздің реалфан қазақтар (әр аймақтан келеді)
5000 - ұлттық компаниялар (алдын-ала тапсырыспен)
1000 - “Қайрат” фандары (жанкештілікпен кезекке тұрып)

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар