20 желтоқсанда телеграмдағы QirSabyn арнасының әкімшілері ұсталды. Құзырлы органдар оларды 18 желтоқсанда ұстаған. Олар аноним түрде танымал адамдардың ар-намысына тиетін жазбалар жариялап, олардан ақша талап етіп отырған. Телеграм арнаның басқарып отырған адамдарға қатысты тың деректер пайда болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл ақпаратты Бас прокуратура ресми түрде растады. Прокуратураның үйлестіруімен ҰҚК және ІІМ ведомствоаралық жедел-тергеу тобымен және ҚМА-нің мамандандырылған бөлімшесімен бірлесіп, Астана және Қарағанды қалаларында QirSabyn телеграм-арнасы арқылы шындыққа жанаспайтын ақпаратты жариялау қауіпімен ақшалай қаражатты бопсалаумен айналысқан адамдар тобы ұсталған.
"Шұғыл тергеу әрекеттері жүргізіліп, техникалық құралдар, ірі көлемдегі ақша сомасы және өзге де заттай дәлелдемелер алынды. Телеграм-арнасының әкімшілері соттың санкциясымен қамауға алынды", - деп хабарлайды ведомство өкілдері.
РПУ "Данк" телеграм арнасындағы мәлімет бойынша, ұсталғандардың арасында 19-20 жастағы жастар бар. Олар 1,5 жылдың ішінде қомақты табыс тауып, негізінен Қазақстаннан тыс жерде сән-салтанатты өмір сүріп, қымбат көліктер сатып алып, ең элиталық қонақүйлерде демалған.
Өз әрекеттерін жасыру үшін арнаның админдері жазбаларды өшіру үшін төлемді тек криптовалюта арқылы қабылдап, қаржылық операцияларды жасырын жүргізу мақсатында көптеген шетелдік банктік картаны қолданған. Бұл карталар «дроптардың» атына рәсімделген. Айта кетейік, дроптар деген - өздерінің деректері қаржылық операцияларда қолданылатынын білмейтін адамдар.
Арнаның барлық админдері бір-бірімен байланысты, ал кейбіреулері тіпті туыс екен. Олар телеграмдағы жазбаларын өшіру 1000 - 15 мың АҚШ долларына дейін ақша алып отырған. Тек бір ғана криптоәмиян арқылы 70 мың АҚШ долларынан асатын транзакция жасалғаны анықталды.
Сонымен қатар, админдер бопсалау арқылы алған ақшаларына жиі саяхаттайтын. Оның ішінде, Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктерінде көп жүрген.
РПУ Данк мәліметінше, құзырлы органдар телеграм арнаның админдері кім екенін баяғыдан білетін, алайда олардың ішіндегі ең басты адам ұзақ уақыт бойы Түркияда жүрген. Ол Астанаға келген кезінде басқа админдермен бірге ұсталған.