Телефон ұстағаннан жылдамдық асырғанға дейін: жүргізушілерге бақылау күшейді

Телефон ұстағаннан жылдамдық асырғанға дейін: жүргізушілерге бақылау күшейді
ІІМ

ІІМ цифрлық технологиялар арқылы жол қозғалысына бақылауды күшейтіп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомство мәліметінше, дрондар, патрульдік көліктердегі мобильді кешендер, орташа жылдамдықты бақылау жүйелері және лазерлік кешендер полиция қызметкерлеріне жол жүрісі қағидалары бұзылуын анықтауға, қауіпті жағдайларға жедел ден қоюға, жол апаттарының алдын алуға көмектеседі.

"Ұшқышсыз ұшу аппараттары жол қозғалысын әуеден бақылайды. Олар жылдамдықты асырған және жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзған жүргізушілерді тіркейді. Ең бастысы дрондар құқықбұзушылықтарға жедел ден қоюға және жол апатының алдын алуға көмектеседі. Патрульдік көліктерге орнатылған мобильді кешендер де жол қозғалысын бақылауда маңызды рөл атқарады. Олар көлік ағыны арасынан ұялы телефон қолдану, жаяу жүргіншіге жол бермеу, жылдамдықты асыру және маневр жасау қағидаларын бұзу сияқты деректерді автоматты түрде анықтайды", - деді полиция.

Қала сыртындағы жолдарда көліктің орташа жылдамдығын бақылау жүйесі қолданылады. Қазір бұл жүйе республикалық маңызы бар 12 негізгі бағытта енгізілген.

Сонымен қатар, жол апатының алдын алу үшін лазерлік жүйелер пайдаланылады.