Текеліге газ тартылып, ауыз су мәселесі оң шешімін табуда

Dalanews 15 ақп. 2023 04:35 947

Жетісу облысында өңірді кезең-кезеңімен газдандыру ісі жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезде тұрғылықты халықтың 41% астамы газға қосылуға мүмкіндік алды. Биылғы жылы газ тарату жүйелерінің құрылысы бойынша 22 жоба іске асырылуда, оған бюджеттен 6,6 млрд теңге бөлінген, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осылайша Текелі қаласындағы газ тарту мен сумен қамту мәселелері де шешімін таппақ. Бұл ел Президентінің өткен жылы Жетісу өңіріне келген сапарында берген тікелей тапсырмасы болатын.

Осы ауқымды жобалар бойынша қандай жұмыстар атқарылды және алда қандай міндеттер тұр деген сауалдарға тұрғын үй-коммуналдық саланың мамандары мен құрылыс жұмыстарын жүргізуші мергідер ұйым өкілдері жауап берді.

Текелі қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғалым Қызылбаевтың айтуынша, жобаны іске асыру жұмыстары өткен жылдың қазан айында басталған болатын, 2024 жылдың соңында аяқталады деп межеленіп отыр.

Қазіргі кезде қажетті 195 шақырым газ тарату желісінің 4,2 шақырымы төселген. «Әлия-Сервис» ЖШС-мен 5,6 млрд теңгеге келісімшарт жасалған. Қаржы кезең-кезеңімен бөлінетін болады.

– Бұл – ауыспалы жоба. Оны жүзеге асыру арқылы моноқаланы газдандыруға мүмкіндік туады. Жеке тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік нысандар да, өнеркәсіп орындары да көгілдір отынға қосылады. Текеліліктерді жылумен қамтамасыз етуші Текелі энергокомбинатқа жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Сөйтіп ЖЭО да газға көшіріледі, бұл өз кезегінде қаланың экологиясына да оң ықпал етеді, – дейді Ғалым Қызылбаев.


Бүгінде құрылыс учаскелеріне 17 арнайы техника мен 70 адам жұмылдырылған.

– Жер асты газ құбырларын төсеуге қазір ауа райы қолайсыз, бір метр тереңдікке дейін жер қатып жатыр. Сондықтан жұмыс тоқтап қалмау үшін біз жобаның 2-ші, 3-ші кезеңдеріне де қатар кірістік. Қазіргі кезде 3 учаскеде жоғары қысымды, 5 учаскеде төменгі қысымды газ құбырларын төсеу жұмыстары бір мезгілде жүргізілуде. Осы жылы бүкіл жұмыстың 70% бітіреміз деп жоспарлап отырмыз, – дейді учаске бастығы Мұрат Жиенбаев.

Сондай-ақ «Достық» шағын ауданының проблемалық мәселелері де шешіледі.

Еске салсақ, Текелі қаласын газдандыру үшін 2018 жылы «Талдықорған – Текелі» жоғарғы қысымды газ құбырының құрылысы жүргізілген болатын. «Жетісу ОблГаз» ЖШС мен «Ac-Tac Invest» ЖШС арасында 2017 жылы Ескелді ауданының елді мекендері мен Текелі қаласына ауыл ішілік газ жүйелер салу мен іске қосуға консорциум келісімшарты жасалған.  Келісімшартқа сәйкес «Ac-Tac Invest» ЖШС 10,4 млрд теңге инвестиция құйып, жобаны қаржыландыруы керек еді.

Алайда өзіне жүктелген міндеттерді компания орындай алмады. Сондықтан 2019 жылдың сәуір айында «Жетісу ОблГаз» ЖШС келісімшартты бұзатындығы туралы хабарлама жолдап, кейін сотқа талап арыз түсірді.

Ақыры 2020 жылдың маусым айында келісімшарт бұзылды. Бұл ретте «Ас-тас Invest» ЖШС халықтан қаржы жинап, ұзындығы 5,1 шақырым газ құбырын төсеген. Қазіргі кезде 93 абонент табиғи газға қосылып, көгідір отынды пайдаланып отыр. Ал тағы 33 үйдің тұрғындарына газ сол күйі жеткізілмей қалған.

Осыған байланысты жаңа жобаның І кезегінің 2-ші іске қосу кешеніне осы проблемалық учаске де енгізіліп отыр, ал «Ас-тас Invest» ЖШС аталған үйлер тұрғындарының жаңа газ құбырына қосылудағы шығындарын өтеп беретін болады.

Сондай-ақ, моноқалада тағы бір маңызды жоба жүзеге асырылуда, соның арқасында текеліліктер таза ауыз суға қол жеткізеді. Қазіргі кезде қаладағы су жүйесіне су ашық көздерден алынып отыр, бұл әсіресе көктемгі-күзгі кезеңдерде су сапасының төмендеуіне әкеп соқтырады. 


Текелі қалалық ТҮКШ бөлімінің мәліметінше, сумен қамту жүйесінің құрылыс жұмыстарының жалпы құны 980 млн. теңге, жұмыстар 2022 жылдың қазан айында басталды. Биылғы жылға республикалық бюджеттен 416 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Жоба аясында жалпы көлемі 6 мың текше метрлік  екі резервуардың құрылысы жүргізілуде, онда 2018 жылы бұрғыланған 3 ұңғымадан су жиналады, сондай-ақ ұзындығы 9 шақырым су құбыры желілері төселеді.

Бүгінгі таңда «КазЕвроСтрой» ЖШС мердігерлік ұйымы диаметрі 160 мм ұзындығы 3,8 шақырым жерге құбыр төсеуде, сондай-ақ ұзындығы 1,4 шақырым траншея әзірленді.

Қазір жұмыс қарқынына ауа райы біршама кедергі келтіруде, соған қарамастан мердігер компания барлық белгіленген жұмысты уақытында аяқтауға уәде беріп отыр. Яғни, осы күзде текеліліктер 50 жыл бойы күткен таза ауыз суға қол жеткізеді деп жоспарланған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар