Тбилиси соты Михаил Саакашвилиді 9 жылға соттады

Көркем Алдабергенова 12 нау. 2025 12:01 257

Тбилиси соты Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилиді мемлекеттік қаражатты ысырап ету ісі бойынша 9 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Саакашвилиге бұл айып 2014 жылы тағылған. Іс қоғамда “пиджактар ісі” деген атпен белгілі. Айыптау тарапының мәліметінше, Саакашвили президенттік кезінде мемлекеттік қаражатқа қымбат пиджактар мен пальто сатып алып, ұлының оқу ақысын төлеп, косметикалық процедуралар жасаған. Оған 9 миллион лари (1,5 миллиард теңге) бюджет қаражатын ысырап етті деген айып тағылды.

Бұл істе Саакашвилимен бірге Грузияның Мемлекеттік күзет арнайы қызметінің бұрынғы басшысы Темур Джанашия да айыпталды. Ол 300 мың лари (52,7 миллион теңге) айыппұл төлеуге міндеттелді.

Михаил Саакашвили Грузияны 2004-2013 жылдар аралығында екі мерзім қатарынан басқарды. 2013 жылы президенттік өкілеттігі аяқталған соң, елден кетті. Жаңа билік – “Грузин арманы” партиясы Саакашвилиге қатысты төрт қылмыстық іс қозғады. Соның екеуі бойынша ол сырттай 3 және 6 жылға сотталған.

2021 жылдың қазанында Саакашвили Украинадан Грузияға жасырын түрде оралды. Ол кезде саясаткер Украинаның президенті Владимир Зеленский әкімшілігінде жұмыс істеп жүрген. Грузияға оралған соң оны қамауға алып, шекараны заңсыз кесіп өтті деген жаңа айып тақты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар