«Таза Қазақстан – таза келешекке қадам»: Сарапшылар экосана туралы пікір білдірді

Жарбол Кентұлы 16 мам. 2025 12:52 295

Бүгінгі таңда әлем елдері табиғатқа деген көзқарасты түбегейлі қайта қарап, экологиялық мәселелерге батыл қадамдармен жауап беріп отыр. Осы тұрғыда Қазақстан да сырт қалмай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы – ел болашағына бағытталған маңызды әрі жүйелі қадамдардың бірі ретінде жүзеге асуда. Бұл ұлттық жоба – тек сенбілікпен және қоқыс жинаумен шектелмей, табиғатқа деген жанашырлық пен жауапкершілікті қоғам санасына сіңіруге бағытталған, ел азаматтарын біріктіріп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға негіз болған маңызды қозғалысқа айналып отыр. Сала мамандары мен сарапшылар экологиялық бастаманың әлеуметтік әрі тәрбиелік маңызына терең үңіліп, «Таза Қазақстан» бастамасының келешегіне қатысты өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

 

 

Қоршаған ортаға қамқорлық - қоғамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші

 

 

Ернар Жылысбаев, Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі “Жастар ресурстық орталығы” КММ маманы:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы еліміздің табиғи байлығын сақтау мен қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған ауқымды жобалардың бірі ретінде ерекше маңызға ие. Бұл бастама тек табиғатты қорғау іс-шараларымен шектелмей, қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыру мен өскелең ұрпаққа үлгі боларлық тәрбие беруді де көздейді.

Тараз қаласында «Таза Қазақстан» акциясы аясында бірқатар нақты, жүйелі және нәтижелі іс-шаралар жүзеге асырылды. Акцияның басты ерекшелігі – бұрынғы экологиялық бастамалардан өзгеше, тақырыптық бағыттар бойынша жүйеленіп өткізілуі. Бұл өз кезегінде әр бастаманың мақсатты аудиториясына нақты ықпал етуіне мүмкіндік берді. Атап айтқанда, «Таза өлке» бойынша қала көшелері мен көпқабатты тұрғын үйлер аулаларында санитарлық жұмыстар жүргізілді. «Киелі мекен» аясында тарихи-мәдени ескерткіштер мен олардың айналасын абаттандыру шаралары іске асса, «Жасыл аймақ» арқылы жасыл белдеулерді қалыптастырып, көшет отырғызылды. «Өнегелі ұрпақ» жобасы аясында ҰОС ардагерлері мен қарттар үйінде тазалық және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, «Мөлдір бұлақ» шарасы барысында қала аумағындағы өзен-көлдер мен бұлақтардың жағалауы қоқыстан тазартылды, абаттандырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар экологиялық қана емес, әлеуметтік тұрғыда да орасан нәтиже беруде.

Мәселен, «Таза Қазақстан» акциясы арқасында  Тараз қаласында 300 мың тоннаға жуық қоқыс жиналды, 25 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылып, 1000-ға жуық гүл егілді. Экологиялық акцияларға 15 000-нан астам ерікті жастар, ардагерлер мен тұрғындар тартылды.Айта кетсек, бүгінде экологиялық мәдениетті қалыптастыруда тұрғындар мен жергілікті биліктің өзара әрекеттестігі айтарлықтай жақсарған. Әсіресе, жастардың бастамашылдығы мен белсенділігі ел болашағына деген үмітті күшейтеді. Десек те, қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлер мен қайта өңдеу зауыттарының жеткіліксіздігі — бұл саланы жетілдіру қажеттігін көрсетеді. Осы орайда қалдықтарды қайта өңдеуге арналған инфрақұрылымды кеңейту, білім беру мекемелерінде экология тақырыбында оқытуды күшейту, мектеп бағдарламаларына енгізу маңызды қадам болмақ.

Қазақстанда экологиялық сананы арттыру үшін бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және цифрлық технологиялар арқылы жаңа форматтағы ақпараттандыру жұмысын жандандыру қажет деп ойлаймын. Мемлекеттік қолдаумен қатар, заңнамалық тұрғыдан да қосымша өзгерістер енгізу – уақыт талабы. «Таза Қазақстан» – бұл болашаққа бағытталған үлкен қозғалыс. Елімізде басталған игі істер өз жалғасын табатынына сеніміміз мол. Табиғатты аялау – әр азаматтың борышы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, тазалық әр үйден, көшеден және қаладан басталады, ал қоршаған ортаға қамқорлық - қоғамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші.

 

 

«Таза Қазақстан» – сананы жаңғыртуға бағытталған стратегиялық қадам

Жанна Үсембаева, Алатау қаласы №12 орта мектептің география пәнінің мұғалімі:

Қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың борышына айналуы тиіс өзекті мәселе. Осы бағытта елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңызы зор. Бұл бастама – табиғатты аялауға, айналамызды таза ұстауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ауқымды жоба.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында экологиялық жағдайды жақсарту, халықтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін басым бағыттардың бірі ретінде атап келеді. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» ұлттық акциясы – осы бағыттағы нақты әрі жүйелі шаралардың бірі деп санаймын. География пәнінің мұғалімі ретінде мен бұл акцияны тек сенбілік деңгейіндегі шара деп емес, жас ұрпақтың бойына табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін дарытатын тәрбиелік мәні зор іс деп қабылдаймын. География – табиғат пен адам арасындағы байланысты зерттейтін ғылым. Бұл пән арқылы оқушылар Жердің құрылысын, климатты, материктер мен мұхиттарды, халықтың орналасуын, шаруашылық салаларын, экологиялық мәселелерді және картамен жұмыс істеуді үйренеді. Сонымен қатар, туған өлке мен еліміздің табиғи-экономикалық ерекшеліктері туралы мағлұмат алып, табиғатты қорғау мәдениетін бойларына сіңіреді.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында мектебімізде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Оқушылармен бірге сенбіліктер өткізіліп, мектеп ауласы мен жақын маңдағы табиғи аймақтар тазартылды. Сонымен қатар, қалдықты сұрыптау көрмелері, эко-сабақтар, пікірталастар мен жобалар арқылы оқушылардың табиғатқа жанашырлық көзқарасын қалыптастыруға тырыстық. Эко-бұрыштар мен еріктілер қозғалысын дамыту – осы бағыттағы жұмыстарымыздың бір бөлігі ғана. Бұл акция мазмұны мен әдістемесі жағынан бұрынғы экологиялық науқандардан әлдеқайда жүйелі және жан-жақты. Ең бастысы – оқушылар тек қатысушы емес, белсенді бастамашы бола бастады. Бұл олардың бойында экологиялық мәдениеттің қалыптаса бастағанының нақты көрсеткіші.

Бүгінгі жас – ертеңгі ел болашағы. Мемлекет басшысы ұсынған «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы ең маңызды бағыттардың бірі – табиғатпен үйлесімді өмір сүру. Табиғатқа деген жауапкершілікті бала кезден қалыптастыру – болашаққа жасалған маңызды инвестиция. «Таза Қазақстан» – тек тазалық сақтау ғана емес, бұл – сананы жаңғыртуға бағытталған стратегиялық қадам.

Табиғат – біздің ортақ үйіміз. Оны таза сақтау – ұлт болашағына жасалған шынайы қамқорлық. Сол себепті әрқайсымыз туған жерге деген жанашырлығымызды нақты іспен дәлелдейік. Президентіміздің экологияны қорғау жолындағы бастамаларын қолдай отырып, біз де өз үлесімізді қосуға дайынбыз.

 

Маған бәрібір емес...

Бекбол Рамазан, Алматы қаласы мәслихатының VIII шақырылым депутаты, AMANAT фракциясының мүшесі

Алматы қаласының тұрғыны және қалалық мәслихаттың депутаты ретінде мен үшін туған қаламыздың экологиялық ахуалы – жай ғана тақырып емес, әрбір күнделікті әрекетімнің мәні мен мақсаты. Таза ауа, көгалданған көшелер, экологиялық мәдениеті қалыптасқан қоғам – бұл болашақ ұрпаққа қалдыратын асыл мұрамыз. Сондықтан да маған бәрібір емес.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы — еліміздің табиғатын қорғауға бағытталған маңызды бастама. Бұл шара тек сенбілікке қатысу ғана емес, тұтас қоғамды тазалыққа, қоршаған ортаны құрметтеуге шақыратын үлкен экологиялық қозғалыс деп білемін. Өзім де осы акцияға белсене қатысып, қаламыздың тазалығы үшін нақты істермен үлес қосып келемін. Мысалы, 2025 жылдың 19 сәуірінде өткен «Жасыл аула» аясындағы экологиялық сенбілікке қатысу мен үшін үлкен мәртебе болды. Алматы қалалық мәслихатында біз бұл бағытта бірқатар нақты шешімдер қабылдадық. Жасыл инфрақұрылымды дамыту, қоғамдық көлікті экостандарттарға көшіру, экобілімді арттыру, жас ұрпаққа арналған экологиялық бағдарламаларды енгізу — мұның барлығы қоғамның экосанасын арттырып, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Қоғамның экологиялық мәдениеті жоғары болмаса, ешқандай экологиялық бағдарлама нәтижелі болмайды» деген сөзі менің ұстанымыммен үндес. Шынында да, қоршаған ортаға деген жанашырлық тек заңмен емес, сана мен жүрекпен басталуы керек.  «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Алматы – ортақ үйіміз» атты кең ауқымды экологиялық науқан өткізу дәстүрге айналды. Биылғы шарада қала тұрғындары тазалық, көгалдандыру және көркейту жұмыстарына белсенді атсалысты. Науқан барысында 4 мыңнан астам аула, 2 мыңнан аса көше, 445 саябақ пен сквер тазартылып, 600-ден астам заңсыз сауда нысаны алынып тасталды. Қала аумағына 3 мыңнан астам қоқыс жәшігі орнатылып, 20 мыңға жуық ағаш пен бұта егілді.Бұл бастама қала тұрғындарының туған жерге деген жанашырлығын көрсетіп қана қоймай, экологиялық жауапкершілікті қалыптастырудың жарқын үлгісіне айналды деуге болады.

Қала үшін, ұрпақ үшін, табиғат үшін, өзіміз үшін – маған бәрібір емес.  Сол себепті мен тек сөзбен емес, нақты әрекетпен үлес қосуға әрқашан дайынмын. Осындай бастамалар жалғасын тауып, елімізде экологиялық мәдениет жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін.

Материалды дайындаған Жанна Жомарт

 

 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар