Қонаев қаласында республикалық «Таза Қазақстан» эконауқаны жалғасуда. Науқан аясында қаланы қоқыстан тазарту жұмыстары қарқынды жүруде, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ТҮКШ бөлімінің мәліметінше, аптасына қаладан 600 тонна қатты қалдықтар шығарылған.
– Шомылу маусымының басталуына байланысты қалада туристер ағыны өте көп. Барлық күшті жағажайларды тазалауға жұмсап жатырмыз. Мысалы, қалалық №7 жағажайдың өзінде 59 қоқыс жәшігі орнатылған. Күніне 90 тонна қалдық шығарылады. Ал қаланың ішінен күнделікті 10-12 тонна қоқыс жиналады, – деді ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Асхат Жексенбек.
Сондай-ақ, саябақтар мен скверлер де үнемі тазалануда. Өткен аптада бір күннің ішінде 12 шақырым арық тазартылған. Қосымша ағаштарды санитарлы кесу жұмыстары жүруде. Тазалыққа күнделікті 120 адам, 14 техника жұмылдырылып жатыр.