Тайжан: "Тоқаевтың реформалары басталмай жатып аяқталар түрі бар"

Dalanews 19 ақп. 2020 15:33 819

Саясаткер, қоғамдық кеңестің белсенді мүшесі Мұхтар Тайжан президент Тоқаев уәде еткен саяси реформалар сөз жүзінде қала ма деп алаңдайды. Dalanews.kz саясаткердің осы турасындағы ойын оқырман назарына ұсынады.




Қазақстан Демократиялық партиясы делегаттарының құрылтай съезін өткізу бүкіл ел аумағы бойынша кешеуілдеп жатқанын көріп-біліп отырмын. Жанболатты да, Инганы да және басқа көптеген делегаттарды да бұрыннан бері жақын танимын әрі құрметтеймін.

Өз басым, әрдайым Қазақстанда көп партиялы жүйе болғанын айтып, оны жақтап келемін. Өйткені бір партиялы «Нұротан» сынды саяси монополия, жұмсартып айтқанда, өздеріңіз де білесіздер, бүгін қандай күйге әкеліп жеткізгенін.


Бірнеше ай бұрын олардың құрылтай комитетінің тіркелгені туралы естігенде, оған қуанып, мұны зор қошеметпен қабыл алған едім, бірақ бүгіндері көліктерінің өртенуі, делегаттарының ұсталуы, үстерінен қылмыстық іс қозғалуы сынды хабарды естіп көңілім нілдей бұзылып отыр. Парламенттің көппартиялылығы, сондай-ақ мажоритарлық жүйе - еліміздің алға жылжуының кепілі.

Ал саяси монополия - бейшаралықтың кепілі.


Шынын айтсам, бұдан кейін қорқайын дедім, әлі де дұрыстап қолға алынбаған демократиялық және нарықтық реформаларды аяғына жеткізбей, «желкесінен қиып жібере ме» деп алаңдаймын. Осындай бір үрейлі сезімнің менде пайда болғанына бір ай болды-ау деймін.

Енді өздеріңіз таразылап көріңіздерші, Ұлттық сенім кеңесінің соңғы отырысының өткеніне екі ай болды. Иә, президент Тоқаев біздің көптеген ұсынысымызды қабылдап, үкіметке тапсырма берген секілді болған, бірақ олар орындалып жатыр ма?

Бізді, яғни ұлттық кеңес мүшелерін заң жобаларын даярлау жұмысына да тартып жатқан жоқ. Біз де сіздер сияқты үкімет дайындаған дайын заң жобаларды қолымызға алып, бетіне қарап, енді басымызды ұстаудамыз.

Тіпті, біздің қолымызда президент орындауға бұйырған өз ұсыныстарымыз бойынша жоспар да жоқ. Меніңше, бұл мүлде дұрыс емес нәрсе.


Соңғы екі айда Президент ұлттық кеңестің бір де бір мүшесін қабылдаған жоқ, ал алдында апта сайын мұндай кездесулер өткізіліп тұрған.

Ал енді не болды? Ақпарат министрлігі дайындаған митингілер туралы заң жобасын бір жаққа ысырып қоя салу керек, ең дұрысы сол, сөйтіп жаңа нұсқасын жазуға кірісу қажет, бірақ бұл жолы алматылық және басқа да белсенділерді де тартуымыз тиіс (Евгений Жовтис, Ерлан Қалиев және басқалар). Біз саяси партиялар туралы заң жобасын әлі талқылаған да жоқпыз.

Ары қарай айтсақ.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі хатшылығынан 174-бап бойынша жазасын өтеген азаматтарды Қаржы министрлігі Қаржылық бақылаудың қара тізімінен алып тастау туралы Президенттің бұйрығы қалай орындалып жатқаны жөнінде ақпарат сұрағаныма, міне бір айдың жүзі болды.


«Кім айналысады мұнымен, жалпы осы мәселемен айналысып жатқандар бар ма, қандай кезеңге келді»  деген саулаға мүлде жауап жоқ. Ешқандай ақпарат ала алмадым.

Ұлттық кеңестің соңғы отырысы екі ай бұрын болды дедік қой, міне содан бері оның келесі отырысы қашан болатын датаны белгілемек түгілі тақырыбын да анықтаған жоқпыз!

Мен, Жәнібек Қожық, Айман Омарова сот және құқық қорғау жүйесіндегі, ҚАЕЖ саласындағы реформалар бойынша мәселені қаузаймыз. Денсаулық сақтау және білім беру жүйесіндегі мәселелерді талқылайтын тағы бөлек бір лек адам бар. Олардың да айтар өз уәжі мен ұсыныстары жетерлік.  Сонымен анықтап алайық. Тақырыпты да таңдағаннан кейін оған әзірлену керек дегендей.

Одан соң. Тоқаев Экономикалық реформалар орталығының құрылғаны туралы жариялады, бірақ оған кім кіргенін ешкім білмейді, мәселен мені онда ешкім шақырған жоқ. Егер тағы да «сол адамдар болса» ол арада, онда олар басқа нәтижені қалай бере алады? Тағы баяғы әуенге баспаймыз ба? Немесе бұл орталық жабық режимде реформалар жүргізбек пе? Онда бұл барып тұрған тағы бір ақымақтық болады. Ашықтық жоқ қой өйткені.

Бұрын ҚР Президенті әкімшілігі төрағасының орынбасары Тимур Сүлейменов бізді - экономикалық топты жинап алып, нақты шешімді қажет ететін қызу талқы жүргізетін, бірақ нәтижелері даулы болатын. Биыл, міне мұндай да бір де бір отырыс болған жоқ.


Әрине, жарияланған соң ол реформалар жүзеге асырылуы тиіс, оған сенімдімін, өйткені мен одан басқа нақты жолды көріп тұрғаным жоқ. Тоқаев бұл үшін жаңа адамдарды да тарту керек. Оған да сенімдімін.

Жалпы, реформаларды жалғастыруға бел буған болсаңыздар, мархаббат. Ал ондай ниет жоқ болса, онда елдің басын бостан-босқа қатырып не керек?..

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар