Тайжан мен Төрехановтың айтысында соңғысы ұтылды

Dalanews 23 қаң. 2017 06:10 1182

Бір өзгеріс келді. Білінбей жетті. Осы күнге дейін үндемей келген қазақтілді орта өзіне тиесілі дүниені талап ете бастады. Талап етудің арты, қарсы тараптың қарсылығына ұшырап жатыр. 


Бұл заңды да. Қарсы тарап осы күнге дейін орысша ойлап, орысша сөйлеп келді ғой. Олар ештеңеден таршылық көрмеді. Алар затын орысша сөйлеп алды, барар жеріне орысша сөйлеп барды. Оларға төңірегі түгел орысша сөйлейтін көрінді. Және бұл «дәстүрдің» өмір бойы сақталарына сенімді болды.

Қазақтілді ортаның талап-мүддесі ескерілмеді демейміз, бірақ қоғамдық өмірде мына біз тұмсық тыға алмай отырған салалар көп. Көзіміз көріп жүр.  Біртіндеп айтып жатырмыз. Айтып жатқанымыз қарсы тараптың шымбайына батып жатыр.

Күні кеше ұлтшыл Мұхтар Тайжан мен танымал сәулетші Нұрлан Төреханов дауласты. Дау неден туды?

Тайжан былай деді:
«Билікке бір сұрағым бар: ойын-сауық немесе қоғамдық орындарда қазақ музыкасы неге жоқ? Келушілердің 80-90 пайызы қазақ, бірде-бір қазақ әні жоқ! Қазақ эстрадасына көз жұма қарап, тек ресейлік немесе шетелдік әндерді қою халықты зомбиге айналдыру! Мен барлық қоғамдық орындарда, супермаркеттерде, молдарда, кинотеатрларда, шаңғы, коньки тебетін жерлерде, стадиондарда қазақ музыкасы, қазақ эстрадасы, кем дегенде, 80 пайыз уақытты алуы үшін заң қабылдауды ұсынамын»

Байқасаңыз, Тайжан көп қазақтың ойындағы, бәлкім, айта алмаған, бәлкім, байқай алмай жүрген дүниені айтты. Қиындатудың қажеті жоқ. Тайжанның тапқырлығы сонда, ол халық түсіне алатын, қазақтілді орта қолдайтын қарапайым дүниені жазады.

Қазақтілді және орыстілді ортаның дүниетанымындағы кереғарлық осындайда байқалады, бірақ. Қарсы тарап қарсы шықты бұған.

Бұған әзір Мәскеуде тұратын Нұрлан Төреханов деген сәулетші былай деп жауап қатыпты:
«Тайжанның жазғанын оқыдым. Ендеше, былай жасайық. Барлық жерде қазақ әндері ойнады екен, ендеше, елдің бәрі шапан киіп жүрсін. Ал мейрамхана мен кафелердегі ас мәзірі бешбармақ, ірімшік пен қымыздан тұрсын. Ал біз астымыздағы көлікті атқа ауыстырып, киіз үйге көшіп алайық. Мектептердің ағылшын, математика пәндерін алып тастайық».

Айтыңызшы, сіздіңше, бұл екеуінің қайсысы лағып отыр? Көшенің тілімен сөйлесек, қайсысы қуып кетті. Біздіңше, соңғысы.

Тайжан бешбармақ пен киіз үй туралы тіс жарды ма? Жоқ. Оның сөзінің өңін айналдырып жіберген Төрехановтың өзі.

Тайжан ақылға сыймайтын ұсыныс тастаған жоқ, негізінде. Шынымен, қазақ музыкасы неге қойылмайды? Орыстың әні, шетелдің әні шырқалады екен, ендеше, қазақтың әніне неге орын жоқ?

Тайжан мен Төрехановтың айтысында соңғысы ұтылды.  Қазақ аудиториясы саны жағынан да, сапасы жағынан да әлдеқашан өскен. Қазақтілді орта әлеуметтік желіні толықтай жаулап алғанын да көріп отырмыз. Соңғысы, осыны ескермеді. Өз қазағынан сын естіді. Өз қазағының алдында абыройын жоғалтты. Бұл Төрехановқа керек пе еді? Ал қазіргі түрін қараңыз. Ақталған болып, әлденелерді жазып жатыр.

Бұл біздің талап еткен және талап етуге тиісті дүниелеріміздің басы ғана. Қарсы тарап әлі талай шырылдайды. Себебі, олар осы күнге дейін қарсылыққа ұшыраған жоқ. Қазақтілді ортаның көзі ашылады деп ойламады. Солай ғой?!
Өз тарапымыздан біз де ұсыныс айтайық. Еліміздегі радиоларда (Еуропа плюс, Love радио) күндізгі уақытта қазақ әндері неге қойылмайды? Олар орыс пен шетелдің әнін шырқатады екен, ендеше, Қайрат Нұртас пен Төреғалиға да орын берсін? Неге қазақ әндері түнгі сағат 12-ден бастап қойылуы тиіс? Бұл не? Қазақтар көз ілмейді дегені ме? Айтпақшы, бұған Төреханов не дер екен?

Думан БЫҚАЙ 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар