Соңғы кезде жиілеп кеткен еларалық (жүйеаралық?) қақтығыстардың бірі ме, әлде шынымен де Үшінші дүниежүзілік соғыстың преамбуласы ма, білмеймін. Әйтеуір АҚШ пен Израиль Иранды, Иран Бахрейнді, Біріккен Араб Әмірліктерін, Катарды, Кувейтті, Ливанды, Сауд Арабиясын, Пәкістан болса Ауғанстанды бомбылап жатыр. Бір сөзбен айтсам, демократиялар дегбірсіз, монархиялар мазасыз.
Сарапшылар және сарапшы еместер бұл дағдарыстың себеп-салдарын атап, әлек болуда. Іштерінде оқиғаға жан-жақты баға беретіндер де, өздеріне жақын елдердің сойылын соғып, бірін ақтап, екіншісін даттап жатқандары да жоқ емес.
Күн сайын мың құбылып, өзгеріп жатқан соғыс ахуалына баға беру мүмкін емес. Сол себепті бас жаққа бармай-ақ, әлемнің түкпір-түкпірінде бұрқ етіп жатқан қарулы қақтығыстардың бізге, Қазақстанға, қандай әсері болуы мүмкін, сол жағын сараптап көрейін.
Құқықтық жағы: Қазақстан – өзіне мемлекет ретінде белгілі бір міндеттер жүктейтін көптеген көпжақты (БҰҰ, ЕАЭО, ҰҚШҰ, ШЫҰ) және екіжақты (басқа мемлекеттермен) келісімшарттардың қатысушысы. Сол талаптар бір-бірін бомбылап жатқан қатысушылар алдындағы міндеттерімізге қарама-қайшы келмей ме – сол жағы үлкен мәселе. Сол құжаттарда Қазақстан өзінің стратегиялық әріптесі деп таныған бірнеше мемлекет бар. Ондай танудың да өз сұрауы бар.
Екінші жағынан, әлемдік саясатта «құқық» дегеннің күлі көкке ұшып жатқан жоқ па? Сол себепті сол құжаттарға еш реніш те, еш сенім де жоқ. Сол жағы бізді соған орайлы жауапкершіліктен құтқарып отырғаны да шындық.
Геосаяси жағы: төрткүл дүниеде біздің өз жақындарымыз бар. Олардың ішінде Құдай берген көршілеріміз, аймақтағы әріптестер, түбі бір туыстар, діні бір сенімдестер дегендей. Таяу Шығысқа келер болсақ, Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ұйымының мүшесі, яғни бүгінде бірін-бірі атқылап жатқан елдермен формальды түрде болса да, бір ұйым ішіндегі қарым-қатынасы бар. Кеше Иран Түркиядағы АҚШ әскери базасын бомбылады, біз болсақ Түркиямен туыспыз, Түркі мемлекеттері ұйымының мүшесіміз.
Әрине, бізден: «Қазақстан, сіз кімнің жағындасыз?» – деп сұрап жатқан ешкім де жоқ. Алайда адамзаттың мынадай мың құбылып, қауырт та шапшаң дамуына қарағанда, ертеңгі күні сондай сауал алдымыздан шыға келері даусыз.
Идеологиялық жағы: сырт көзбен қарағанда, бұл дегеніңіз – АҚШ пен Иран емес, либералды демократиялық құндылықтарды басшылыққа алған әлем мен аятоллалар басқарған теократиялық мемлекет арасындағы идеялық қақтығыс. Ал Иранда ядролық қару бар ма, жоқ па – ол тек саяси сылтау сияқты.
Әрине, демократия керек. Алайда оны сыртқы күштер емес, сол елдің халқының өзі орнатуы қажет деп санаймын. Бұл сентенцияның Қазақстанға да тікелей қатысы бар. Әйтпесе, бомба тастамаса да, гибрид соғысының алуан түрлі құйтырқы әдіс-тәсілдерін, соның ішінде ел ішіндегі қиын жағдайдан туындаған наразылықты пайдаланып, өз ойынын ойнағысы келетін шетелдің ойыншылары да жоқ емес.
Ғаламдық қауіпсіздік жағы: Ресейдің Украинаға қарсы соғыс ашуының бір себебі – кезінде ядролық қарудан бас тартқан Украинаға қауіпсіздік кепілдігін берген Батыс елдерінің өз міндеттерін орындамағаны болғаны белгілі. Ал мынадай алмағайып заманда Қазақстанның қауіпсіздігінің кепілі кім? Абыройы айрандай төгілген Біріккен Ұлттар Ұйымы ма? Әлде бүгінде дүниежүзілік саясаттың басты орталығына айналған Трамп па? Әлде өзіміз бе?
«Трамп факторы»: достары да, дұшпандары да мойындайтын бір аксиома бар – бүгінде БҰҰ не басқа бір халықаралық ұйым емес, бір адам – АҚШ президенті Дональд Трамп әлемдік саясаттың басты анықтауыш күшіне айналды. Біз болсақ, өз еркімізбен Трамп жекедара құрып, өзі ғана басты шешім қабылдайтын «Бейбітшілік кеңесіне» кіріп алдық.
Бір қызығы – Еуроодақ пен әлемнің басқа алпауыттары ол ұйымға қатыса қоймады. Иә, АҚШ-пен дос болған абзал, алайда Трамп факторы тұрақсыз екенін де ұмытпайық: ол бүгін бар, ертең жоқ. АҚШ-та президент төрт жыл сайын, ал Конгресс екі жылда бір сайланады.
Мәселен, сарапшылардың айтуынша, осы жылы қарашада өтетін Конгресс сайлауында Трамптың партиясы жеңіліп, демократтар жеңуі әбден ықтимал. Олай болса, сол Конгресс Трамптың маңызды бастамаларына (соғыс ашу, баж салығын көтеру және т.б.) тосқауыл қойып, тіпті оның ел ішіндегі жағдайына біраз қиындық келтіруі мүмкін.
Экономикалық жағы: соғысып жатқан елдердің бәрімен дерлік Қазақстанның орныққан экономикалық байланыстары бар. АҚШ болса – экономикамыздың басты инвесторларының бірі. Ал Иранға келсек, ол Қазақстанның сыртқы тауар айналымының 0,3 пайызын ғана құрайды.
Дегенмен бұл қақтығыстың мұнай сатып күн көріп отырған бізге тікелей қатысы бар. Соғысқа қатысып жатқан араб елдері – дүниежүзілік мұнай мен газ нарығының басты құраушылары. Оның үстіне әлемдік мұнай мен газ тасымалының басты арнасы – Ормуз бұғазы Иранның қолында. Егер Иран танкерлердің өтуіне тыйым салса, бұл «қара алтын» мен «көгілдір отынның» бағасын күрт өсіруі мүмкін.
Логистикалық жағы: бұған дейін Қазақстан «Қазақстан – Түркіменстан – Иран» теміржолының («Солтүстік – Оңтүстік» транспорт дәлізі) құрылысына белсене кіріскен болатын. Ирандағы ахуал осы логистикалық жобаның тағдырына тікелей әсер етуі мүмкін.
Әскери әлеует жағы: кеше жаяу әскер, танктер мен зеңбіректерге сүйенген соғыс тактикасы бүгін жаңа технологияларға – дрондар мен зымырандарға, әуе қорғанысы жүйесіне және интернет пен мессенджерлерге тәуелді болып отыр. Біздің Қарулы күштеріміз осы заман талаптарына сай ма – ол өз алдына бөлек әңгіме.
Ішкі саясат жағы: бізде ескі Қазақстаннан келе жатқан бір жаман әдет бар: әлемнің бір түкпірінде қарулы қақтығыс болса, билік идеологтары: «Көрдіңіздер ме, біздегі ең басты жетістік – бейбіт өмір, ел тыныштығы. Әйтеуір соғыс болмасын», – деп, демократия, адам құқықтары мен сөз еркіндігі сияқты өркениетті құндылықтарға тежеу салғысы келеді.
Болжам жағы: бұл – өте қиын сұрақ. Иранның АҚШ әскери базаларын атқылауы араб елдерін де соғыс орбитасына тартып жатыр. Бұл қақтығысты өңірлік деңгейден әлемдік деңгейге дейін көтеруі мүмкін.
Өйткені Еуроодақ, Қытай мен Ресей де тіл қата бастады. Олардың да осы аймақта өз мүдделері бар екені түсінікті.
Бәрі мүмкін. Бір нәрсе анық: соғыс созылған сайын ескі ирандық жүйе күшейе береді.
Әміржан Қосан
