Татарстан Республикасында таңертең жасалған дрон шабуылы салдарынан 12 адам қаза тауып, 39 адам жарақат алды. Бұл туралы республика басшысы Рустам Миннихановтың баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ресми мәлімет бойынша, жаппай шабуылға Нижнекамск қаласы ұшыраған, деп жазады "Агентсво.Новости". Билік өкілдерінің айтуынша, өндірістік нысандармен қатар азаматтық инфрақұрылым да зардап шеккен. Осыған байланысты Татарстанда аза тұту күні жарияланды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, шабуыл кезінде Еуропадағы ең ірі мұнай-химия кешендерінің бірі саналатын «Нижнекамскнефтехим» кәсіпорны нысанаға алынған. Кәсіпорын СИБУР холдингінің құрамына кіреді. Кейбір украиналық мониторингтік арналар кәсіпорындағы өрттің видеосын жариялады. Аталған өнеркәсіптік аймақта «ТАНЕКО» мұнай өңдеу зауыты мен «ТАИФ-НК» кешені де орналасқан.
Бұл – Ресейдің халықаралық деңгейде мойындалған аумағындағы өңірлерге жасалған шабуылдар арасында адам шығыны ең көп оқиғалардың бірі. Бұған дейін мұндай көлемдегі шығын Белгород облысында тіркелген еді. 2023 жылдың 30 желтоқсанында Белгородтағы зымырандық шабуыл салдарынан 25 адам қаза тауып, 100-ден астам адам жараланған. Ал 2024 жылғы 12 мамырда көпқабатты тұрғын үйге зымыран құлап, 17 адам көз жұмған болатын.
Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, дүйсенбіге қараған түні Ресей өңірлері мен Қырым аумағына барлығы 456 украиналық дрон шабуыл жасаған.
Ал Украина Әуе күштері Ресей әскерінің түн ішінде Украина аумағына 130 дрон ұшырғанын хабарлады. Сумы қаласына жасалған шабуылдан кемінде 10 адам зардап шеккен. Соңғы күндері Ресей мен Украина арасындағы өзара әуе шабуылдары күшейіп, екі тарап та дрондар мен зымырандарды кеңінен қолдана бастағаны байқалады.