Тасмағамбетов? Ол енді "Назарбаевтың өнімі" емес – сарапшы

Dalanews 18 қар. 2020 08:28 964

Зейнеттегі Тасмағамбетовтың "Қазақ әдебиетіндегі" сұхбатын Кремль сарапшылары да зейін қойып оқыған сынды. Әлгі сұхбаттың астарына үңілген ТМД институты жанындағы Қазақстанды зерттеу бөлімінің жетекшісі Андрей Грозин «Иманғали Нұрғалиевич Ақорданы айналсоқтап жүр» дейді.

Dalanews.kz сарапшының пікірін ықшамдап ұсынды.

«Тасмағамбетовтың қазақ басылымына берген сұхбаты ауыздан-ауызға тарап, алыс-жақынды аралап кетті. Түйдек-түйдек ойлары әп-сәтте афоризмге айналып, экс-елшіні көз ұшынан жоғалтып алған жұрт «әй, жарайсың!» десті. Имекең осы арқылы елегізіп отырған аудиторияның тамырын басты», – дейін Грозин.

Оның пікірінше Тасмағамбетов оңайшылықпен үйде отырмайды. Зейнетке кеткенмен саясатты сағынып жүр. Қайтып оралудың амал-әдісін іздестіруде. Әл әзір оралудың форматын ойластыруда.

Ресей сарапшысы Тасмағамбетовтың «Қазақ әдебиетіне» берген сұхбатын басынан аяғынан дейін сүзіп шығыпты.

«Саясатқа оралу туралы тіс жармаған Тасмағамбетов бір саусағын бүгіп қалды», – дейді Грозин.


«Бар жоспарын жайып салғысы келмеді. Телеграм-арналар да Тасмағамбетовпен байланысты контентті күрт көбейтіп, күйеубаласы Кеңес Рақышевқа қатысты компроматты үсті-үстіне төпелетіп жатыр. Оның оралуына бұл жайт та түрткі болуы мүмкін.

Қарапайым логикаға салсақ та, Тастың салмағы тым ауыр. Оның қаға берісте қалмасы аян. Одан бұрын Тасмағамбетов тастап кеткен орынға лайықты үміткер табылмай тұр. Орны ойсырап тұр. Мұның ішкі саяси ахуалға да кері әсерін тигізері анық», – дейді саясаттанушы.

...

Грозин неге бұлай болжайды? Қазақстандағы саяси элитаның ауыс-түйісін алыстан шолып отырған Кремль сарапшысы «қазіргі қазақ элитасы ұсақталып кетті» деп ұйғарған екен. Бұған әкім-қараларға қарап-ақ көз жеткізуге болады.

«Қазіргі әкімдерде харизма жоқ. Халықты өзіне қаратар қабілеті жоқ. Тіпті кейбір әкімдерді өз өңірінің жұрты жыға танымайды. Шынайы өмірден қол үзген, ой-өрісі тар кадрлер көбейіп кетті», – дейді Грозин.


Оның пікірінше Көшербаевтың калибріндегі әкімдердің дәуірі келмеске кеткен. Бұрынғы әкімдер мен қазіргі әкімдердің арасы жер мен көктей. Содан да болар Қазақстанның саяси алаңы Тасмағамбетов секілді тұлғаға сусап отыр.

«Ол саясатты айналсоқтап жүр. Ортаға оралудың амалын табары анық. Бірақ оған да қолдау керек. Имекеңе иығын төсеп, қолтығынан демеп жіберер кім бар?! Саясаттағы оппоненттері де қарап қалмас. Қарсы тұратын тараптар да табылады».


Сөй деген Грозин Тасмағамбетовтың саясатқа оралуы Тоқаевтың қас-қабағына қарап тұр деп долбарлапты. Президент Тасмағамбетовтың деңгейіндегі тұлғаларға кеңшілік жасаса, Имекеңнің қатарға қосылуы да оңай болмақ екен.

«Тоқаев экс-елшіні конкуренті емес, керісінше одақтасы, әріптесі ретінде бағалай ма, жоқ па? Мәселе сонда...», – дейді сарапшы.

...

Грозиннің Тоқаевты тілге тиек етуі бекер емес. Имекеңнің «Қазақ әдебиетіндегі» сұхбатын тағы бір мәрте електен өткізген саясаттанушы экс-елшінің cөз саптауынан мынаны аңғарыпты:

«Тасмағамбетов «мен Назарбаевтың төл өнімі емеспін» дегенді айтқысы келгендей көрінді. Бір кездері сөй дегені рас. Бірақ бұл жолы сол сөзінен айнығанын аңғартты.


Оның латын әліпбиін сынға алуы Тұңғыш Президентке тиіп кетті. Бұл бастаманың төбе басында тұрған Назарбаевтың өзі еді. Латынға көшу идеясын ревизиялауға екінің бірінің жүрегі дауалай бермейді. Бұл Назарбаев идеологиясына балта шабумен тең.

Тоқаевтың өзі де жаңа әліпбиге байыптап, байқастап көшу керегін бір емес, бірнеше рет айтқан. Соған қарағанда Назарбаевтың бастамасын тежей тұрғысы келетін тараптар бар сынды...», – дейді сарапшы.

Оның пікірінше Тасмағамбетов бұл арада Тоқаевтың сөзін сөйлеп отыр. Қазіргі президенттің сенімді серігі болуға әзір екенін аңғартқысы келеді. Тоқаевпен «одақтасуға» қарсы емес.


«Сұхбатты сүзіп шықсаңыз бұған анық көзіңіз жетеді. Имекеңнің қазақ интеллигенциясы мен қазақ жастары қатысты пікірі де Тоқаевтың тұжырымымен үндесіп тұр. Осы арқылы ескі жүйенің олқылықтарын көрсеткісі келді. Қазақстанның қазіргідей жағдайға бір күнде тап болмағанын, бұл өткен отыз жылдың жемісі екенін айтқысы келді», – дейді Грозин.

Әлбетте, Имекеңнің сөзін сан-саққа жүгіртуге болады. Кремль сарапшылары Тасмағамбетовтың сұхбатын осы қырынан бағамдаған екен.

«Ол Кітапханадан теріс айналып, Ақордаға қарай ойыса бастады» деп пайымдапты олар.

Грозиннің айтуынша Кітапхана мұны жауапсыз қалдырмайды. Алдағы уақытта атышулы LRT ісінде жаңа айғақтар пайда болуы мүмкін. Аталған жобаны Тасмағамбетов және оның күйеубаласы Кеңес Рақышевпен байланыстыратын контент көбейіп кетті соңғы кезде.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар