Елдік мақсат-мұратты жоғары қойған абзал азаматтың 20-наурыз күні 100 жылдық мерейтойы сырғып өте шықты. Әшейінде айтулы даталарды тізбелеп, той өткізуде жоғарыға ұсыныс жасағыш депутаттардың да үнсіз қалғанын түсіне алмадық. Қазақы тамырдан қол үзген, өткенінен бейхабар атқарушы биліктегі сайыпқыран министрлер мен комитет төрағаларынан мұндай ұсыныс күтпейміз. Бірақ қос шатырлы парламенттегі депутаттардың бәрі болмаса да тең жартысы Жұмабек Тәшеновты жақсы білетініне бәс тігеміз. Әшейінде той-томалақта Тәшенов жайында әңгіме қозғасаң ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін ағаларымыз қалайша 100 жылдықты естен шығарып алды?
Мәжіліс спикері Қабиболла Жақыповтың, Қуаныш Сұлтановтың, Оразкүл Асанғазының, Уәлихан Бишімбаевтың, Камал Бұрхановтың, Бақытжан Ертаевтың, Құттықожа Ыдырысовтың Тәшеновты жақсы білетінін білеміз. Бұл үшін ол кісілерге сұрау салып жатудың өзі ұят. Ал Сенатта отырған қасқаларға Тәшеновтың кім екенін айтып тәптіштеп жатудың өзі артық.
Білмегендер – біліп алсын. Ж.Тәшенов республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс берді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. Шығармашылық одақтар өкілдеріне үй-пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында «қазақ ауылын» құрды деп айыпталды. «Қазақ әдебиеті» газетін жабудан, «Социалистік Қазақстан» газетін «Казправданың» аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалды.
Қазақ елі үшін тау қопарып, тас жаруға даяр тұратын мұндай тұлғаны қалайша ұмытуға болады? Біреулер «мынадай дағдарыс кезеңінде той тойлау неңді алған» деп күлуі мүмкін. Иә, қазір той тойлайтын кез емес. Бірақ саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнаған Ж.Тәшеновтей азаматты еске алған ғибартты той дүниенің кез келген дағдарысына қарсы тұратындай күш беретінін ұмытпауымыз керек. Егер Ж.Тәшеновтың 100 жылдық мерейтойы аталып өткенде, орайы келгенде әңгіме айтуға даяр тұратын депутаттарымыз жер-жерде дүйім жұрттың алдында асыл азаматтардың ерлік істері жайында ет жүрегі езіліп әңгіме айтар еді ғой. Қалай десек те, Ж.Тәшеновтың мерейтойы ол мемлекеттің мерейін өсіріп, ұлтты ұйыстыратын айтулы күн екені анық. Барша қазақ баласына рух сыйлайтын күнді қалайша ұмыт қалдырдық ағайын!
«Қала мен Дала» газеті