«Тарихы терең Түркістан өлкесі» көшпелі көрмесі Қызылордада

Жарбол Кентұлы 04 қар. 2024 21:49 1737

Қызылорда қаласында облыстық тарихи-өлкетану музейінде Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тарихы терең Түркістан өлкесі» көшпелі көрмесі өтіп жатыр. Аталған көрме Түркістанның тарихи орнын, оның мәдени-рухани келбетін ашып көрсету, тарихи мұраларды насихаттау, мәдени байланысты кеңейту, мекемелер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздейді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ашылу салтанатында Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі директоры Баян Айтымбет көшпелі көрменің негізгі мақсатын түсіндіріп, Сыр елімен мәдени байланыстарды нығайту жұмыстарына тоқталды. Ал жиында сөз алған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының докторы Дастан Сәтбай мен Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі директоры Көзейбаев Сапар ашып, көрменің алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Көрмеге Түркістан облысының археологиялық және этнографиялық мұрасы, зергерлік бұйымдар коллекциясы, ер қаруы – бес қару, қасиетті сәулет ескерткіштері, қазақтың гобелен өнері және ағаш ою өнері туындылары және ең басты жәдігер – Кенесары хан Қасымұлының түпнұсқа қылышы қойылып, Сыр жұртшылығы мен қонақтары назарына ұсынылды.

Айта кетейік, аталған көрме С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында 15 қарашаға дейін жалғасады.

 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар