Айыппұл салынғаны үшін бейнекамераларды сындырған: Түркістанда екі адам ұсталды

Сағыныш Сардарова 30 нау. 2026 09:20

Түркістанда бейнебақылау камераларын әдейі бүлдірген екі күдікті ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қылмыс бейнебақылау жүйелерінің көмегімен ашылған. Оқиға қала көшелерінің бірінде тіркелген. Белгісіз екі адам 4 камераны қасақана сындырған. Салдарынан 700 мың теңгеден аса материалдық шығын келген.

Тергеу барысында оқиға түнгі сағат 01:00 шамасында болғаны анықталды. Беттерін маскамен жасырған екі жігіт ұзын ағашпен камераларды істен шығарған. Полицейлер қылмысты ашу кезінде жақын маңдағы бейнебақылау жүйелерінің жазбаларын мұқият зерделеген.

Нәтижесінде күдіктілердің қозғалыс бағыты анықталып, жедел іздестіру шаралары арқылы қолға түсті.

"Бұл оқиғаға қатысты бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәліметке сәйкес күдіктілер жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлға ашуланып, осы әрекетке барғанын мойындаған", - деді ІІМ өкілі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove