Тарихи жеңіс: қазақстандық оқушылар әлемдік олимпиадада сенсация жасады

Тарихи жеңіс: қазақстандық оқушылар әлемдік олимпиадада сенсация жасады
gov.kz

Қазақстан құрамасы физикадан ең беделді халықаралық білім додасында ел тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.

4-12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өткен 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында (International Physics Olympiad, IPhO) ұлттық құраманың бес мүшесі де алтын медаль жеңіп алды.

Биылғы олимпиадаға әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысты. Қатысушылар күрделі теориялық және эксперименттік тапсырмаларды орындап, білімдері мен ғылыми даярлықтарын сынға салды.

Қазақстандық жас физиктер жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, бес алтын медаль иеленді. Бұл - Қазақстанның IPhO олимпиадасына қатысу тарихындағы ең үздік нәтиже.

Алтын медаль иегерлері:

  • Егенбергенова Нұргүл - Астана қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы;
  • Азатбеков Амирбек - Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы;
  • Қазымбек Илияс - Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 12-сынып оқушысы;
  • Черемнов Роман - Алматы қаласындағы "Мирас" халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы;
  • Құрман Дамир - Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы.

Бұл тарихи жетістікке ұлттық құрама үш жыл бойы жүйелі дайындалған. Команданы мектеп мұғалімдері, тәлімгерлері және ұлттық құраманың жаттықтырушылары дайындаған.

Айта кетейік, Халықаралық физика олимпиадасы 1967 жылдан бері өткізіліп келеді. Қазақстан бұл білім додасына 1997 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. 2025 жылы ұлттық құрама екі күміс және үш қола медаль жеңіп алған болса, биыл еліміздің бес оқушысы да алтын медаль иеленіп, Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді.