Таразда қызғаныштан әйелін тұншықтырып өлтірген ер адам 13 жылға сотталды

Таразда қызғаныштан әйелін тұншықтырып өлтірген ер адам 13 жылға сотталды
ЖИ: Dalanews

Таразда қызғаныштан әйелін тұншықтырып өлтірген ер адам 13 жылға сотталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Өткен жылы Тараз қаласындағы пәтерлердің бірінде қызғаныш салдарынан қайғылы оқиға болды. Әйелдің көңілдесі оны тұншықтырып өлтіріп, кейін ұялы телефонын алып кеткен.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға күні ер адам сүйіктісі және оның танысымен бірге спирттік ішімдік ішкен. Қонақ кеткеннен кейін ер мен әйел пәтерде оңаша қалған.

Екеуі жақын қарым-қатынаста болған сәтте әйелдің телефонына белгісіз адам қоңырау шалған. Әйел қоңырау шалған адамның күйеуі екенін айтқан. Мұны естіген көңілдесі қызғанышқа бой алдырып, ашуға мініп, әйелді мойнынан қылқындыра бастаған. Салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмған.

Оқиғадан кейін ер адам марқұмның құны 15 мың теңге тұратын ұялы телефонын алып, пәтерден кетіп қалған. Ол кешке дейін қала көшелерінде сенделіп жүрген. Кейін саябақтардың бірінде полиция қызметкерлеріне өзі барып, адам өлтірген болуы мүмкін екенін айтқан. Көрсетілген мекенжайға барған полицейлер пәтерден әйелдің мәйітін тапқан.

Кейін сот ер адамды адам өлтіру және ұрлық жасау баптары бойынша кінәлі деп таныды. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша оған қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеумен 13 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот оның әрекетінен қауіпті рецидив белгілерін де таныды. Осыған байланысты сотталушыға психоактивті заттарды қолдануға байланысты туындаған бұзылыстар бойынша мәжбүрлі ем қабылдау міндеттелді.