Танымал киносыншы Әсия Бақдәулетқызы Майя Бекбаеваға өткір жауап берді

Көркем Алдабергенова 16 мам. 2025 16:28 660

Лондондағы Queen Mary университетінің PhD зерттеушісі, журналист әрі киносыншы Әсия Бақдәулетқызы қоғамда үлкен талқы тудырған Майя Бекбаеваның қазақ әйеліне қатысты мәлімдемесіне қарсы пікір білдірді. Ол Бекбаева ханымның сөзін «кеңестік отарлық нарративтің жалғасы» деп атап, тарихи деректерге сүйеніп жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әсия Бақдәулетқызы қазақ әйелін білімсіз, төмен етекті шүйкебас деп көрсету бүгін басталған жоқ екенін алға тартты.
"Совет идеологтары қашан да қазақ әйелін бағынышты, білімсіз, жергілікті дәстүрдің құрбаны етіп көрсетуге мүдделі болған. Өйткені барлық отаршылдар сияқты, соның арқасында, Спивак айтпақшы, "қоңыр тәнді әйелді қоңыр тәнді еркектен құтқарған ақ нәсілді адам" ретінде орыс бейнелі Совет үкіметін алға тартты. 1930-60 жж.қазақ киносында қазақ әйелін (Райхан, Ботагөз, Ән қанатында, тб) сипаттауда қашан да ақ нәсілді құтқарушы келіп қазақ қызының көзін ашатын сюжетті талап еткен. Талап еткені туралы дерек жеткілікті. Солайша, осы сипаттама бәрінің санасына шегеленді", - дейді ол. 
Кейінгі совет дәуірі мен әлі күнге дейін сол нарративке сеніп жүргендер баршылық, мысалы Бекбаева ханым.
 
"Тарихи тұрғыда қарасақ, ұзатылған қыздардың жасауына Абайдың өлеңдер жинағы, қолдан тігілген дәптер күйінде қосылып берілетіні дәстүрге айналғаны жиі айтылады (Тұрсынбайұлы 2016). Міржақып Дулатовтың "Оян қазағы" да ұзатылған қыздардың ең қымбат қазынасы қатарында жасауында болғаны айтылады (Дулатов 2004: 295). қымбат қазына ретінде кітап алатын қыздар, Абай мен Міржақыпты оқитын қыздар қалайша білімсіз болады?", - дейді Әсия Бақдәулетқызы.
 
Оның сөзінше, мұндай деректер төңкеріске дейінгі қазақ әйелі туралы кеңестік түсінікпен үйлеспеді, идеологиясына қолайлы болмады.
"Қоғамда әртүрлі әйелдер бар екенін мойындамай, қазақ қызын жаппай тек қана совет одағы келіп оқытты, білім беріп, адам қатарына қосты деген ой айту керек болды. Мысалы, Кинематография комитеті "Абай әндері" (1946) фильмін талқылағанда Ажар (Әмина Өмірзақова), Мағыш (Шолпан Жандарбекова), Қарлығаш бейнелеріне қатысты мынандай сын айтты: «бұларда қарапайым халыққа тән ...қарапайымдылық жетіспейді, тым білімді көрінеді» (Орталық архив). Өйткені олар білімділікті қазақ қызына қимайды", - дейді ол.
Сол сияқты, цензорлар фильмдегі Рахия Қойшыбаева ғажап темпераментпен сомдаған Зейнеп ақынды Абай мен Пушкин поэзиясын насихаттаушы ретінде ғана қабылдап, «Айдардың өлімі сияқты шарықтау сәттерде Зейнеп Абайдың әндерін (Татьянаның әні) айтуы керек» деп ұсынған. Бұл пікірлер кеңестік идеологтардың қазақ әйелдеріне қашан да тәуелді, бағынышты рөл лайық деп есептегенін көрсетеді.
 
"Ал Бекбаева ханым сияқтылар сол совет одағы қазақ қызына жамаған қамытты одан әрі жапсыра түскісі келеді, стереотиптен шыққысы келмейді, өйткені алдымен, айқай ұраннан әрі ізденіс аз. Екіншіден, қазақ қызын кім кемсітпеп еді, тоқпақтай беруге болады деп ойлайтын шығар. Бұл мәселенің бір қыры ғана, әйтпесе орта, қауіпсіздік, сезім деген жекелеген факторлардан бөлек, Міржақыптың жұбайы Ғайнижамал, Сәкеннің әйелі Гүлбарам сияқты аяулы бейнелер қаншама. Абайламай сөйлеген соң кешірім сұрау айып емес", - дейді Әсия Бақдәулетқызы. 

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде журналистер арасында осы тақырып бойынша пікірталас өршіген еді.

Журналист Мұхтар Түменбайдың айтуынша, Майя Бекбаева өз видеоларының бірінде қазақ әйелдерін қорлайтын пікір білдірген. Оның сөзіне қарағанда, әңгіме Алашорда қайраткерлері жайлы бейнероликке қатысты болған. Сол роликте Алашордашылардың "орыс әйелдеріне үйленгені" жөнінде айтылған.

Өз кезегінде Майя Бекбаева бұл айыптауларға жауап беріп, аталған видеода мүлде басқа тақырып талқыланғанын алға тартты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар